Төбелестің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Видеодан екі ер адамның арасында келіспей қалып, соңы жаппай төбелеске ұласқанын байқау қиын емес.
Оқиғаға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы суық қару қолдану арқылы бұзақылық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
– Аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары арасында болған жанжал салдарынан қатысушылардың бірі екі адамға пышақ сұққаны анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетілді, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта күдіктілер анықталған. Аталған қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
– Бүгінде тұрғындар қалтасындағы пышақ қалыпты затқа айналғандай әсер қалдырады. Мейлі, бұл мегаполис болсын немесе шалғайдағы аудан орталығы болсын, айырмашылығы жоқ, – деген сыңайда пікір жазып жатыр әлеуметтік желі қолданушылары.
Олардың бұлайша ой тастауына Талғар қаласындағы Шерзат оқиғасы себеп болған. Өйткені, қоғамда көп резонанс тудырған қайғылы оқиғаның соты әлі жалғасып жатыр. Сол секілді, "Үш Сұңқар" тұрғын үй кешенінің тұрағындағы жағдай да адам өлімі тіркелуі мүмкін еді" деп дабыл қағады желі қолданушылары.