2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға қатынайтын халықаралық рейстердегі жолаушы орындарының саны 1,6 млн-ға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.
Mastercard Tourism Insights халықаралық талдау платформасының мәліметінше, Қытай мен Түркия бағыттарында өсім байқалған. Қытайдан Алматыға қатынайтын рейстердегі орын саны 75%-ға артып, 295 мыңға жетті. Ал Түркия бағытындағы көрсеткіш 11%-ға өсіп, 203 мың орын болды.
Халықаралық әуе қатынасының кеңеюі қалаға келетін туристер санын арттыруға, іскерлік сапарларды дамытуға және халықаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тікелей рейстердің көбеюі шетелдік туристер мен бизнес өкілдерінің Алматыға жетуін жеңілдетеді.
Әуе қатынасын дамыту жұмыстары жылдың екінші жартысында да жалғасады. 2026 жылғы 30 қарашадан бастап Алматы мен Токио арасында тікелей рейс ашу жоспарланған. Бұл Жапониямен әуе байланысын нығайтуға ықпал етпек.