Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына мойнынан ауыр жарақат алған пациент – Малайзия азаматы шұғыл түскен. Диагнозы: тетраплегия. Қабылдау бөлмесінен ол дереу жансақтау бөліміне жіберілді, содан кейін шұғыл операция жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Отадан кейінгі алғашқы күні пациенттің сезімталдығы қалпына келе бастады, ал оныншы күні ол өздігінен жүре бастады. Осындай жарақаттары бар пациенттердің 95%-ы өмір бойы төсек тартып қалады. Бұл, шынымен, сәтті жағдай және нейрохирургтардың, реаниматологтардың, анестезиологтардың және барлық медицина қызметкерінің жоғары біліктілігінің нәтижесі болды", – делінген ДСМ хабарламасында.
Алматыға сапар шегіп жүрген Малайзия азаматы Шымбұлақтағы тауларда демалып жүріп, басымен мұзға абайсызда құлаған екен.
"Құлағаннан кейін аяқ-қолымды сезбедім, мүлдем сал болып қалдым. Тек әйелімді шақыруға ғана мұршам жетті. Жедел жәрдем шақырдық. Мен енді ешқашан тұрмайтын шығармын деп ойладым", – дейді зардап шеккен шетелдік.
Оның айтуынша, ол операцияға дейін мүлдем қозғала алмаған. Бірақ, операциядан кейінгі бірінші күннің соңында ол қолын қимылдатып, содан кейін қозғала бастаған.
"Дәрігер Марат Алматовқа ерекше алғысымды білдіргім келеді – ол әрбір маман мұқият, позитивті және білікті керемет команда жинай алған. Соның арқасында емі шипа болды. Қазақстандық медицина көптеген басқа елдерден жоғары – бұл менің пікірім. Сіздердің қолдарыңыз алтын екен. Жаңадан өмір сүруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет айтамын", – деді Малайзия азаматы.
Сауығып кеткеннен кейін шетелдік азамат өз еліне оралған. Ол жақта малайзиялық жергілікті мамандар зерттеп-қарап, жоғары бағалады.