Алматылық оқушылар суға батқан адамды құтқарудың жолын үйренді

63

Шараға 8-11 сынып оқушылары қатысты.   

Алматылық оқушылар суға батқан адамды құтқарудың жолын үйренді Фото: rsk.almaty.kz

Түрксіб ауданындағы Аэропортовское көлінде Төтенше жағдайлар департаменті мен ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық құтқару қызметінің күштері оқу-жаттығу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Онда адамды құтқарып, алғашқы көмек көрсетіп, оқыс оқиға бола қалғанда арнаулы қызметтердің қалай жұмыс істейтіні пысықталды. Оқу-жаттығу барысында жасөспірімдер арасында алдын алу жұмысы мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға назар аударылды. 

"Суға шомылатын маусымның жақындағандықтан адамдарды құтқару жағын қайта бір пысықтап алып, оны балалармен бірлесіп өткіздік осы жолы. Іс-шара аясында оқушыларға суға кеткенде алғашқы медициналық көмек көрсетудің жолын, судағы қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсетудің тәсілін көрсеттік", – дейді ТЖД Төтенше жағдайды жою басқармасының бастығы Денис Ярцев.

Ол Аэропортовское көлі шомылуға рұқсат етілген орынға жатпайтынын, болашақта оны қайта жаңғырту жоспарланып отырғанын айтты.

Балаларға әсіресе суға батып бара жатқан адамды құтқару ережесі жан-жақты түсіндірілді.

"Адамды арт жағынан ұстау қажет, бетпе-бет келсеңіз құтқарушының өзін ұстап алып, бірге батып кетуі мүмкін. Егер өз күшіңізге сенімді болмасаңыз, дереу жедел қызметтерді шақырып, оқиға орнын нақты хабарлап айту керек. Бұл көмектің тез жетуіне ықпал етеді", – деп кеңес берді құтқарушылар.

Мұндай оқу-жаттығу төтенше жағдай кезінде әрекет етуді тәжірибе жүзінде пысықтап, жасөспірімдерді құтқару мен өзін-өзі қорғаудың негізгі дағдыларын үйретуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу