"Сәби жетім қалып отыр": Алматылық суррогат ана шетелдіктерден 7,5 млн теңгесін ала алмай жүр

154

Алматыда суррогат ана шала туған баланы алып кетуден бас тартқан қытайлық биологиялық ата-аналардан уәде етілген ақшаны талап етіп отыр.

"Сәби жетім қалып отыр": Алматылық суррогат ана шетелдіктерден 7,5 млн теңгесін ала алмай жүр Фото: Видеодан скриншот/ktk.kz

Әйел жаңа туған нәрестені сәбилер үйіне тапсырып, полицияға жүгінген, деп жазады inbusiness.kz КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

27 жастағы Кристина Гаврилюк қытайлық ерлі-зайыптылар үшін бала көтеруге келісіп, қызметіне 7,5 миллион теңге алуға келіскен. Эмбрион Алматыдағы клиникалардың бірінде салынған.

Әйелдің айтуынша, жүктілік кезінде тапсырыс берушілер тұрақты түрде ақша аударып, ай сайын шамамен 200 мың теңге төлеген. Алайда денсаулығындағы асқынуларға байланысты бала 7 айлығында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Осыдан кейін биологиялық ата-ана шала туған ұл баланы алудан бас тартқан.

Алдымен олар баланың жағдайын тексеру үшін медициналық сараптама жасатуды сұраған. Кейін ДНҚ-тест талап еткен. Тест нәтижесі нәрестенің өздерімен туыстығын растаса да байланысқа шықпай қойған.

Кристина дүкенде сатушы болып жұмыс істейді, 6 жастағы қызын тәрбиелеп отыр. Бұған дейін ол екі рет суррогат ана болған, екі жағдайда да келісім сәтті аяқталған.

Суррогат ана Кристина Гаврилюктің айтуынша, дәрігерлер бастапқыда нәресте "тастанды бала" мәртебесін алуы мүмкін екенін айтқан, кейін ол "бас тартылған бала" ретінде тіркелген.

Биологиялық ата-ана туралы мәлімет аз. Олар – Қытай азаматтары. Ал қазір олардың қайда екені белгісіз. Эмбрион салынған жеке клиника бұл іске қатысты түсініктеме беруге қарсы. 

Әйел полицияға жүгінгенімен, қылмыстық іс қозғалмаған. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталмаған. Сондықтан мұндай даулар азаматтық сот тәртібімен қаралуы тиіс.

Заңгерлер ата-аналар шетел азаматтары болғандықтан, Қытай елшілігіне және сыртқы істер министрлігіне өтініш жолдауды ұсынып отыр.

Қазір нәресте сәбилер үйінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу