Алматылықтар жаңа мамандықтарды тегін игере алады

Сонымен қатар бизнес бастауға гранттар да қарастырылған.

Алматылықтар жаңа мамандықтарды тегін игере алады

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сағындық Кенжебаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Спикер Алматының жұмыспен қамту орталығы "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны" іске асыру аясында қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталды. Біріншіден, мегаполисте жұмыссыздарды кәсіптік оқыту бағдарламасы бар.

Оқыту жұмыс берушілердің өтініші бойынша арнайы орталықтарда жүргізіледі. Ұзақтығы 6 айға дейін. Жобаға қатысушылар 50 мың теңге мемлекеттік қолдаумен, 20 949 теңге стипендиямен қамтамасыз етіледі. Оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оларды алған мамандығы бойынша тұрақты (кемінде 12 ай мерзіммен) еңбекпен қамтуға міндеттеледі.

"Биыл 25 мамандық бойынша 1002 адамды оқыту жоспарлануда, бүгінгі таңда кәсіптік оқыту курстарына 1003 адам жіберілді, оның ішінде 659 адам оқуды аяқтады, 499 адам алған мамандығы бойынша тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды", – деп атап өтті спикер.

Бұдан басқа, жаппай кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне дейін (1 225 200 теңге) мемлекеттік гранттар беру көзделген. Бұл жаңа кәсіп ашу және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастапқы капитал.

 "Грант қаражаты ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға, атап айтақанда 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер, АӘК және көп балалы ретінде, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатындар, қандастар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған мүгедектігі бар жандарға өздерінің бизнес-әлеуетін іске асыруға беріледі. Бұл өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сонымен қоса өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Сағындық Кенжебаев.

 

Айта кетейік, гранттар келесі бағыттарды дамытуға ғана беріледі: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құсты, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, сатып алу, үй-жайды жалға алу ақысын төлеу.

Гранттар тұтыну мақсаттарына, кредиттік қарыздарды өтеуге, тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік грантты 483 үміткер алды. Тағы 1086 үміткерді осылай қолдау жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу