Алматының 135 мектебінде соңғы қоңырау соғылды

215

Бүгін мегаполистің 135 білім ордасында оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиындар өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматының 135 мектебінде соңғы қоңырау соғылды Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Шаһардағы үлгілі оқу орындарының бірі – М. Ганди атындағы № 92 мамандандырылған лицейде 91 оқушының мектеп бітіруіне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 

"Біздің лицейде барлығы 699 оқушы бар, соның ішінде 91 оқушы алтын ұясымен қоштасайын деп тұр. Олардың ішінде 12 түлек қызыл аттестатқа, ал 1 оқушымыз алтын белгіге үміткер. Бұл мамандандырылған лицей болғандықтан, балаларымыздың бәрі дарынды. Өткен жылы түлектеріміздің ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, 85%-ы грант иегері атанса, биыл да оқушыларымыз жақсы нәтижеге жетеді деген үміттемін. Жалпы лицейімізден 13 оқушы қазірдің өзінде шетелдік университеттерден грант алып үлгерді. Осы жауапты кезеңде олардың 11 жыл ішінде алған білімдерін пайдалануы және дұрыс таңдау жасауы өте маңызды. Сондықтан емтихандарды сәтті тапсырып, өз арманындағы мамандықты табуға тілектеспін", – деді М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің директоры Құлжан Шажабаева.

Мектеп түлектері мұғалімдерге алғыс ретінде шығармашылық қойылымдар дайындап, өлең оқыды және ән шырқап, домбырада ойнады. Бағдарлама соңында 11 сынып оқушылары қоштасу вальсін орындады. 

"Бүгін өте бақытты әрі көңіліміз толқитын күн. Біз мектеппен, мұғалімдермен, достармен қоштасамыз. Қиын күндердегі ақыл-кеңестері мен қолдауы үшін мұғалімдерімізге алғыс айтқым келеді. Болашақта дәрігер болу үшін университетте медицина мамандығына түссем деймін", – деді 11 сынып түлегі Аяулым Серікова.

Айта кетейік, биыл Алматы мектептерін 16 мыңға жуық түлек бітірді. Оның ішінде 433 оқушы "Алтын белгі" белгісіне, 1 392 үздік аттестатқа үміткер. Алматыда 337 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 215 мемлекеттік және 122 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. 2023-2024 оқу жылында 1-11 сыныптарда 300 мыңнан астам оқушы оқыды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу