Алматының 2024 жылға арналған бюджеті 1 трлн 624 млрд теңгені құрайды

Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 51,8%-ға немесе 553,4 млрд теңгеге көп. 

Алматының 2024 жылға арналған бюджеті 1 трлн 624 млрд теңгені құрайды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шаһар басшысының айтуынша, 11 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 13%-ға артты. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 17,7%-ға өсіп, экономиканың драйверіне айналды.

"Қараша айында жылдық инфляция 10,5%-ға дейін баяулады. Еңбек нарығындағы жағдай жақсарып келеді. 79,5 мың жұмыс орны құрылды, оның 80%-ы тұрақты жұмыс орындары. Жалпы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, Алматы экономикасы өсімінің 6,5%-ға дейін жеделдеуі күтілуде. Бұл адам басына шаққанда жалпы өңірлік өнімді 21,2 мың АҚШ доллары деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Ерболат Досаев.   

Алматы қаласынан бюджетке түсіп жатқан қаражат көлемі де ұлғайды. 11 айда мемлекеттік қазынаға түсімдер 34,5%-ға өсіп, 4,9 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттегі үлес 35,3%-ға, ал жергілікті бюджеттегі үлес 32%-ға артты. 

"2023 жылдың 8 желтоқсанында мәслихат Алматы қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекітті. Ол Мемлекет басшысының қаланы орта мерзімді дамытудың негізгі бағыттары бойынша тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Алматының 2024 жылға арналған бюджеті 1 трлн 624 млрд теңгені құрайды, бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 51,8%-ға немесе 553,4 млрд теңгеге көп", – деді шаһар басшысы. 

Жергілікті бюджеттің қаржыландыру көлемі 26%-ға ұлғайып, 726 млрд теңгеге жетіп қалды. Оның ішінде бюджет шығындарының шамамен 45%-ын әлеуметтік бағыт құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу