Алматыда жалпы құны 1,2 трлн теңгеден асатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар машина жасау, ақпараттық технология, фармацевтика, логистика және тамақ өнеркәсібі салаларын қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізгі жобалардың қатарында Orbis Manufacturing автокөлік зауытын іске қосу, Xianghe Zichen Auto Parts автокомпоненттер зауытын салу, Freedom Data Centers деректерді өңдеу орталығын құру, фармацевтикалық кәсіпорындарды дамыту, Beta International азық-түлік өндірісін жолға қою, сондай-ақ Wildberries ірі логистикалық орталығын ашу бар.
"Алатау" инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағында ерекше маңызға ие жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл Freedom Data Centers компаниясының заманауи деректерді өңдеу орталығы. Нысан сенімділік пен энергия тиімділігінің халықаралық талаптарына толық сәйкес келеді, 480 серверлік тіректі орналастырып, 130 жаңа жұмыс орнын ашады. Жоба кезең-кезеңімен іске асады: алғашқы кезеңі биыл аяқталса, келесі кезеңі 2027 жылы тәмамдалады. Бұл Алматының өңірлік IT-хаб ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайтады", – деді Олжас Смағұлов.
Олжас Смағұловтың айтуынша, машина жасау мен автокөлік өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді.
"Индустриялық аймақта жылына 80 мыңға дейін автокөлік өндіруге қауқарлы Orbis Manufacturing зауыты (инвестиция көлемі шамамен 100 млрд теңге), сондай-ақ жылына 10 млн тежегіш жүйелер жиынтығын шығаратын Xianghe Zichen Auto Parts кәсіпорны салынып жатыр. Бұл жобалар 1600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді", – деді ол.
Фармацевтика саласында да ілгерілеу байқалады. "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағында "АлтИНФАРМ" компаниясының иммунобиологиялық препараттар мен онкологиялық аурулар және қант диабетін емдеуге арналған дәрілік заттарды өндіретін зауытын салу жоспарланған. Сонымен қатар, түркиялық Нобел компаниясы белсенді фармацевтикалық ингредиенттер мен дайын дәрілік өнімдер шығаратын кешен ашады. Бұл жобалар 250-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, әлеуметтік маңызы зор дәрі-дәрмектер өндірісін кеңейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, қалада логистика мен тамақ өнеркәсібі де серпінді дамып келеді. Күз айларында ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries ірі логистикалық-тарату орталығы пайдалануға беріліп, шамамен 4 мың жұмыс орны ашылады. Индустриялық аймақта Beta International компаниясы шай, кофе, шоколад пасталары мен снек өнімдерін өндіретін кәсіпорын құрылысын жүріп жатыр. Жобаның инвестициялық көлемі 30 млрд теңге.
Бұл жобалардың барлығын Алматы қаласы әкімінің төрағалығымен жұмыс істейтін Өңірлік инвестициялық штаб үйлестіреді. Мұнда инвесторларға құқықтық қолдау көрсетіліп, қажетті рәсімдер жедел түрде мақұлданып отырады.
"Инвестициялық штаб әрбір жобаның барынша жедел әрі нәтижелі жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеді", – деп сөзін түйіндеді Олжас Смағұлов.
Аталған бастамалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын құрып, өнеркәсіп, IT және фармацевтика салаларының дамуына серпін береді, сондай-ақ Алматының Орталық Азиядағы іскерлік әрі инвестициялық орталық ретіндегі беделін нығайта түседі.