Almaty Air Initiative зерттеушілері Алматы тұрғындарының ауаның ластануына қатысты көзқарасын білу үшін сауалнама жүргізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2026 жылғы 18 ақпан мен 11 наурыз аралығында қаланың барлық ауданынан 18 жастан асқан мың адам сауалнамаға қатысқан.
Зерттеу нәтижесі тұрғындардың басым бөлігі ауаның ластануын денсаулыққа қауіп төндіретін мәселе деп санайтынын көрсетті. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда тұрақты өсіп келеді. Алайда қала тұрғындарының көбі ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын және әкімдік ауаны тазарту үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын білмейді.
Көшу туралы жиі ойлайтындар – 25–34 жас аралығындағы жастар. Бұл – респонденттердің 40%-ы, олар Алматыдан кетуді қарастырып жүр.
"Көшуді ойлап жүрген халықтың жартысы ауа сапасы жақсарса, Алматыда қалуға дайын. Бұл таза ауаның адам денсаулығына, білім алуына, еңбек етуіне және күнделікті тұрмысын жақсартуға әсер ететінін көрсетеді. Сондықтан экологияны жақсарту – қаланың болашағына инвестиция", – дейді PwC Қазақстанның басқарушы серіктесі Азамат Қоңыратбаев.
Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, тұрғындар ауаның ластануы денсаулыққа қауіпті екенін түсінгенімен, олардың мәселені шешу мен оның негізгі себебі туралы ортақ түсінігі әлі жоқ.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, Алматыдағы шамамен 43 мың ересек тұрғын қаладан көшіп кетуді ұйғарған. Көшу мүмкіндігін қарастырып жүргендердің 57,2 пайызы бұған негізгі себеп ретінде ауаның ластануы мен денсаулыққа қатысты мәселелерді атаған.
Сауалнамаға қатысқандардың 31,3 пайызы әкімдік ауа сапасын жақсарта алатынына сенбейді және қаладан көшу туралы шешім қабылдап қойған. Ал 18,1 пайызы жағдайдың жақсаратынына үміт артады.
Almaty Air Initiative басшысы Жұлдыз Саулебекованың сөзінше, қала тұрғындары түтіннің пайда болуына жылу электр орталықтарын (ЖЭО) жиі кінәлай бастаған. Сауалнамаға қатысқандардың 54%-ы қоғамдық көлікті дамытуды қолдаған. 52%-ы жылу электр орталықтарын газға толық ауыстыруды, 51%-ы ескі әрі ауаны көп ластайтын автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізуді атаған.