Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Әуезов ауданындағы Сайын және Ұлықбек көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа QADAM скверінің құрылыс барысымен танысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұрынғы автотұрақтың орнында аумағы 0,35 гектар болатын заманауи сквер салынып жатыр. Ол аудан тұрғындарының демалуына, серуендеуіне және белсенді уақыт өткізуіне арналған жаңа қоғамдық кеңістікке айналады.
Скверде түрлі табиғи жабын төселген тактильді аллея, балалар алаңы, жүгіру жолағы, сырғанау мен паркурға арналған аймақ, серуен кеңістіктері және көгалдандыру қарастырылған.
Негізгі нысандардың бірі – субұрқағы, жарықтандыруы және "Болашаққа қадам" жазуы бар аркалы композиция.
QADAM тұжырымдамасы қозғалыс, түрлі фактуралар, дыбыс, су және жарық үйлесіміне негізделген.
Тексеру қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды бекітілген кестені сақтап, құрылыстың барлық кезеңінде орындалатын жұмыстың сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.