Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына қатысып, онда 2025 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындысы жарияланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполис экономикасы 6,9 пайызға өсіп, қалалық бюджетке түскен түсім көлемі 2 трлн 402,6 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары. Нәтижесінде әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалып, стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыру жалғастырылды.
Бюджетті нақтылау аясында қосымша қаражатты әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғыртуға, жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға, сондай-ақ Алматы тау кластері жобаларын жүзеге асыруға бағыттау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар депутаттар орфандық аурулары бар науқастарға тегін берілетін дәрілік заттар тізбесін кеңейтуді және халықты әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шараларын сақтауды қолдады.