14 тамызда күндізгі уақытта Алматы мен Алматы облысында электрмен жабдықтауда ақаулар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Almatynews-ке сілтеме жасап.
"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Сағат 14:38-де "KEGOC" АҚ-ға тиесілі 500 кВ кернеулі Л-5400, Л-5300 және Л-5320 электр беру желілерінің апатты жағдайда ажыратылуына байланысты "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ желілерінде апатқа қарсы автоматика іске қосылды. Салдарынан Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тұтынушылар электр қуатынан ажыратылды", – делінген хабарламада.
Алматы қаласының бірнеше ауданында жарық өшті. Атап айтқанда, Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандары. Алматы облысының бірқатар ауданында да электр қуаты жоқ.
"Алатау Жарық Компаниясының" мамандары тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.