Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Ресейдің Қазан қаласында өткен VI "Шомбай-fest – 2026" халықаралық фестивалінде бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Театр ұлттық құндылықтарды насихаттайтын "Ортеке" спектаклін ұсынып, "Үздік спектакль" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Фестивальге Қазақстан, Африка елдері, Сербия және Ресей өңірлерінен 150-ден астам өнерпаз қатысқан. Байқау бағдарламасында 14 театр ұжымы өнер көрсетті.
Қазылар алқасының төрағасы Давид Бурман бас жүлдені беру туралы шешім бірауыздан қабылданғанын айтып, Алматы театрының қойылымын фестивальдегі ең үздік жұмыс деп бағалады. Сонымен қатар театр ұжымы 2027 жылы Санкт-Петербургте өтетін "КУКART" халықаралық фестиваліне шақырту алды.

"Бұл жай ғана спектакль емес. Бұл қазақ халқымен шынайы танысу. Ұлттық музыкалық аспаптар, киімдер мен әшекейлер арқылы көрерменге тұтас бір мәдениет әлемі ашылады. Көргеніме шын жүректен тәнтімін. Актерлердің ойыны мен қойылымның көркемдік деңгейі ең жоғары бағаға лайық", - деді Татарстан Республикасының халық артисі, Татар мемлекеттік академиялық "Экият" қуыршақ театрының актрисасы Рамзия Безус.
"Ортеке" – Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының 90 жылдығына орай сахналанған сторителлинг жанрындағы қойылым. Спектакль қазақтың көне ортеке дәстүрі мен ауыз әдебиеті негізінде жасалған.
Спектакльдің режиссері әрі идея авторы – Григорий Лайко. Қоюшы-суретшісі – Мерей Ынтымақов. Музыкалық безендіру авторы – Давид Литвинов. Балетмейстері – Ринат Билибаев.