Үш держава да өз ықпалын аймақтарда кеңейту үшін саясатын белсенді жүргізуге тырысуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мысалы, АҚШ Украинадағы соғыс арқылы Ресейдің әскери қуатын әлсіретуді көздесе, Таяу Шығыста Израильді, ал Азия-Тынық мұхит аймағында Тайвань төңірегіндегі ахуалда одақтастарын қолдау арқылы Қытайды тежеуге күш салып отыр. Пентагон Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери қатысуын күшейтіп, Жапония, Оңтүстік Корея және Филиппиндегі базаларын кеңейтіп жатыр. Венесуэла төңірегіндегі белсенділіктің артуы да Вашингтонның Латын Америкасындағы ықпалын қайта күшейтуге ұмтылып отырғанын аңғартады.
Ал Қытай Тайваньға қатысты әскери қысымды арттырып, Оңтүстік Қытай теңізінде флотын белсенді орналастыруда. Бейжің сондай-ақ Азия мен Африкадағы стратегиялық нысандарға инвестиция құйып, қажет жағдайда әскери логистикаға пайдалануға болатын инфрақұрылым қалыптастырып жатыр.
Ресей Украинадағы соғысты жалғастырып, посткеңестік кеңістіктегі ықпалын сақтап қалуға тырысуда. Мәскеу Кавказ, Орталық Азия және Арктика бағытында әскери қатысуын күшейтіп, Батыс санкцияларына қарамастан қорғаныс өнеркәсібін толық қуатта жұмыс істетуде.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қақтығыстар – болашақтағы ірі державалар арасындағы ықпал үшін күрестің "сынақ алаңы". Қару-жарақ жарысы, әскери блоктардың күшеюі және аймақтық соғыстардың жиілеуі әлемді тұрақсыздық дәуіріне жетелеп барады.
– АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке – XXI ғасырдың басты геосаяси драмасы. Ресей бұл күресте өз орнын сақтап қалуға тырысуда, – дейді Сингапур Ұлттық университетінің профессоры Кишор Махбубани.
Франция президенті Эмманюэль Макрон "Біз жаңа қырғи-қабақ соғыс дәуіріне кіріп бара жатқан сияқтымыз. Еуропа бұл текетіресте өз орнын табуы тиіс" деп пікірін ашық білдірді.
Қорыта айтқанда, сарапшылар мен әлемдік көшбасшылардың мәлімдемелері қазіргі қақтығыстардың кездейсоқ емес екенін аңғартады. АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы бәсеке дипломатия шеңберінен шығып, әскери операциялар мен соғыс қимылдары арқылы жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру кезеңіне өтіп отыр.