Алтын құймаларды қорғау элементтері не үшін керек?

Ұлттық Банк  өлшенген құймаларды бүтіндей өз қаптамасында сақтауға кеңес береді. 

Алтын құймаларды қорғау элементтері не үшін керек?   Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Банкноттар мен монеталар сараптама басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиев айтты.

Қазақстан Ұлттық Банкі 2017 жылы Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және кері сатып алу бағдарламасын іске қосты. Инвестициялық алтын монеталар мен алтын құймалар – өзара ұқсас өнімдер, тек формалары әр түрлі. Қазіргі уақытта сатылымда құйманың бес түрі бар. Олар: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймалар.

"Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және механикалық зақым алудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Қораптың өзі алтын қаптаманың сапа сертификатын дәйектейді. Арнайы қорап арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады.

Егер қораптағы тор көз өзінің мөлдірлігін немесе тұтастығын, бүтіндігін, не болмаса, СERTICARD INTACT SEAL жазуы бар мембрана бүтіндігін жоғалтса – арнайы қаптама ашылған болып саналады. Ол ультракүлгін детектормен қараған кезде көрінеді. Оны қолданғанда қорғалған (ашылмаған) қаптамадағы мөлдір тор көз арқылы люминесцентті жазулар пайда болады, егер қаптама ашылған болса, олар өзгереді", – деді маман.

Егер кері сатарда өлшенген құйманың арнайы қорғаныш қаптамасы бүтін болса, онда ол үшін төлем сол мезетте жүргізіледі. Ал, алтын құйманың арнайы қорабы ашылған болса немесе мүлдем болмаса, онда төлем жүргізуге уақыт қажет болады. Ол шамамен – 45 күнтізбелік күн. Өйткені, құйманың түпнұсқалығын тексеру үшін тиісті сараптама жүргізіледі. Сол себепті ҚҰБ өлшенген құймаларды бүтіндей өз қаптамасында сақтауға кеңес береді.

Айта кететін жайт, Қазақстан теңге сарайы алтын құймаларды мөлдір пленкамен қосымша орайды. Пленканың өзі өлшенген құймаларды тасымалдауға және сақтап ұстауға арналған. Бірақ сапа сертификаты бола алмайды.

Еске салайық, өлшенген құймаларды сатып алу үшін және кері сату үшін Бағдарламаға қатысушы – банктер мен айырбастау пунктеріне жүгіне аласыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу