Амандық Баталов: Картоп өндірісін қолға алуды бастаймыз

746

Амандық Баталов: Картоп өндірісін қолға алуды бастаймыз

Мемлекет басшысының қант қызылшасын, жүгері мен бақ шаруашылығын дамыту туралы тапсырмалары орындалды. Бұл жайында бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынында айтылды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Өткен жылы Алматы облысында қант қызылшасының алқабы 9 мың гектарға жеткізіліп, 363 мың тонна өнім жиналды, одан 31 мың тонна таза қант өндірілді. Жүгері алқабы 2,5 мың гектарға ұлғайтылып, 72 мың гектарға себілді, одан 441,3 мың тонна өнім жиналды. Бұл іске 3900 шаруашылық тартылып, онда он бір мыңнан астам ауыл тұрғыны еңбек етті. 

Облыс басшысы атап өткендей, өткен жылдың қазан айында Ақсу қант зауыты іске қосылып, оған 11 млрд теңге инвестиция салынды. Көксу қант зауытында ескі құрылғылар жоғары технологиялы құрал-жабдықтарға ауыстырылып, 3 млрд теңгеден астам сомаға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде зауыттың қуаттылығы артып, тәулігіне 2,0 мың тоннаға дейін жетті. Биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 12 мың гектарға жуықтайды деп күтілуде.

Сонымен қатар Жаркент крахмал-сірне зауытын жаңғырту дәндік жүгері өңдеу қуаттылығын жылына 10 мыңнан 54 мың гектарға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 400 шаруашылыққа арналған 8,3 га алаңға қосымша екі қырман салынды.

Облыста жалпы 3,3 мың га бақ бар, соның 675 гектары – апорт. Өткен жылы 566 гектарға бақ отырғызылса, соның 202 гектарына апорт алмасы егілген болатын. Мемлекет қолдауының нәтижесінде тамшылатып суару секілді озық технологиялар қолданылатын ірі интенсивті бақтар көбейді. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы "Амал Био" ("ФрешФуд") ЖШС 45 гектарға 127 мың түптен астам 30 түрлі көшет отырғызды. Ұйғыр ауданындағы "Alma Prodex" ЖШС 20 гектарға, Сарқан ауданындағы "Сарқан Агро" ЖШС 100 гектарға екті.

"Жалпы облыстағы аграрлық секторда мемлекет басшысының қант қызылшасын, жүгері мен бақ шаруашылығын дамыту туралы тапсырмалары орындалды. Басымдық берілетін дақылдарды өсірудегі тәжірибелерімізді қолдана отырып, біз енді сүтті мал шаруашылығы мен картоп өндірісін қолға алуды бастаймыз", - деді әкім жиында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу