Компанияның хабарлауынша, АҚШ-тың Тасжол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық басқармасы (NHTSA) алдағы екі жыл ішінде 2500-ге дейін роботаксиді коммерциялық қызметке шығаруға келісім берген. Алғашқы кезеңде қызмет Лас-Вегаста іске қосылады. Кейін штаттардың талаптары орындалған жағдайда жоба басқа өңірлерге де кеңейіп, жолаушылардан жолақы алынатын болады.
Қазір Zoox сынақ бағдарламасы аясында Лас-Вегас пен Сан-Францисконың кейбір бөліктерінде жолаушыларды тасымалдап жүр. Сонымен қатар NHTSA компаниядан жол-көлік оқиғалары мен көліктің жоспардан тыс тоқтауы секілді жағдайлар бойынша тұрақты есеп беруді талап етеді.
Қадағалау органы бұл талаптарды көліктердің жұмыс нәтижесіне қарай жаңартып отырады. Сарапшылардың айтуынша, жүргізушінің міндетті қатысуын көздейтін федералды талаптардан босатылу – роботаксиді басынан бастап әзірлеген компаниялар үшін маңызды кезең. Бұл оларға дәстүрлі автокөліктердің қауіпсіздік стандарттарына бейімделмей-ақ жаңа үлгідегі көліктерді дамытуға мүмкіндік береді. Zoox әзірлеген электрлі роботакси екі қатар орындықпен жабдықталған және сағатына 75 мильге дейін жылдамдықпен қозғала алады.
Компания бұл бағытта Tesla мен Waymo сияқты технологиялық алпауыттармен бәсекелесіп, АҚШ-та жүргізушісіз такси қызметін кеңейтуді көздеп отыр. Ал NHTSA автоматтандырылған басқару жүйелеріне арналған алғашқы федералды қауіпсіздік
стандарттарын Трамп әкімшілігінің мерзімі аяқталғанға дейін әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ведомство тежегіш педалі мен артқы көрініс айнасы сияқты жүргізушіге арналған талаптарды қайта қарауды ұсынып отыр.