Америкалық TRAVEL+LEISURE журналы Қазақстан бойынша ауқымды нұсқаулық жариялады

274

Travel + Leisure – Нью-Йоркте орналасқан саяхат туралы журнал. 

Америкалық TRAVEL+LEISURE журналы Қазақстан бойынша ауқымды нұсқаулық жариялады Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Қазақстан кейінгі жылдары шетелдік туристер үшін тренд бағытқа айналды. Мұны еліміздің туризмі туралы әлемнің ірі басылымдарында жарық көріп жатқан ақпараттардан да байқауға болады. Жуырда америкалық әйгілі Travel+Leisure журналының Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бөлімшесі Қазақстан туризмі туралы шетелдік саяхатшыларға арналған нұсқаулық жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Журналист Яшита Вашишт Қазақстанның бірегей көрікті жерлерін аралай отырып, шетелдік туристерге қажет болатын нұсқаулық жинақтады. "Не істеу керек, қайда тұру керек және қандай тағамдар бар: Қазақстан бойынша ең үздік маршрут" деп аталатын репортажда көптеген қызықты мәлімет жарияланған. Тіпті, аталған мақаланың мазмұны ел тұрғындарының да қызығушылығын тудырды.

Автор Қазақстанға келу үшін саяхатшыларға сәуірден мамырға дейін немесе қыркүйектен қазанға дейінгі кезеңді таңдауды ұсынады. Яшита Вашишттің пікірі бойынша, аталған кезеңдерде сіз тау пейзаждарының панорамасынан және таңғажайып дала кеңістігінен ләззат ала аласыз.

Travel+Leisure журналисі Астана, Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Алматы қаласы мен оның айналасындағы көрікті жерлерге барып, Қазақстан бойынша жеті күндік саяхат жасады. Сонымен қатар журнал өкілі Қазақстанға келгеннен кейін виза қолжетімділігі, ағылшын тіліне аудармасы бар қазақ тіліндегі сөз тіркестері, қонақ үйлер мен ұлттық тағамдарды таңдауда пайдалы ақпаратты жинады.

Travel + Leisure – Нью-Йоркте орналасқан саяхат туралы журнал. Басылым жылына 12 рет шығады, деректер бойынша журналдың оқырман саны – 4,8 миллион. Саяхат туралы басылымда туристік сапарларға маманданған және көбіне саяхатшы емес жазушылар, ақындар, суретшілер, дизайнерлер мен журналистердің мақалалары жарияланады.

Сонымен қатар журнал модельдердің саяхаттағы және беделді жағдайда демалып жатқан фотосуреттерін жарялаған мұқабаларымен танымал. Travel+Leisure бүкіл әлем бойынша 16 миллион саяхатшылар қауымдастығын біріктіреді және штатта 100-ден астам саяхат туралы жазатын журналистері мен фотографтары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу