Амстердам Округтік соты Статилердің талап арызын қанағаттандырмады – Әділет министрлігі

378

Әділет министрлігі Анатол Стати, Габриэль Статидің ісіне қатысты ақпарат жариялады, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Амстердам Округтік соты Статилердің талап арызын қанағаттандырмады – Әділет министрлігі Фото: Esquire.kz

"2023 жылғы 9 қаңтарда Амстердам Округтік соты Нидерландының жария тәртібіне қарсы келетін Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom Group S. A. және Terra Raf Trans Trading LTD. (Стати) процессуалдық алаяқтығы нәтижесінде алынған төрелік шешімді орындау туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тарты. 2021 жылғы 24 желтоқсанда Амстердам Жоғарғы соты Апелляциялық соттың төрелік шешімді тану және орындауға қатысты бұрынғы шешімін жойып, істі Амстердам Окруктік сотына қайтарды. Амстердам Округтік сотының 2022 жылғы 3 мамырдағы аралық шешімі Республикаға төрелік шешім процедуралық алаяқтық арқылы алынды деген ұстанымын жаңа дәлелдер негізінде одан әрі негіздеуге мүмкіндік берді", делінген ақпаратта.

Қазақстан тарапы Статидің алаяқтығын, атап айтқанда, Стати мен олардың KPMG аудиторы арасындағы хат-хабарларды ұсына отырып, төрелік кезінде Стати сүйенген қаржылық есептер айтарлықтай бұрмаланғанын және KPMG кейіннен бұл есептерді кері қайтарып алғанын дәлелдеген.

Сонымен қатар, ақпаратқа сәйкес, Қазақстан тарапы "Статидің бақылауындағы бірнеше ұйымдардың банктік үзінділерін алып талдағаннан кейін Статидің қаражатты жымқырғандығын анықтай алды. Амстердам Округтік соты алаяқтықтың барлық ауқымымен танысып, Стати төрелік шешімге алаяқтық арқылы қол жеткізді деп шешті және осы негізде Статидің тану және орындау туралы өтінішін қабылдамады".

Бұл Нидерланды сотының Қазақстан тарапы  пайдасына шешім шығарған және Статидің алаяқтық әрекетін мойындаған алғашқы сот емес. 2021 жылғы 16 қарашада Брюссель Апелляциялық соты төрелік шешімді Бельгияда тану мен орындаудан бас тартқан болатын.

Сот Статидің төрелікке дейін, оның кезінде және одан кейін де алаяқтық жасағанын анықтаған еді. 2021 жылғы 2 желтоқсанда Люксембург Апелляциялық соты Статиге қарсы жүргізіліп жатқан қылмыстық тергеуге байланысты төрелік шешімді тану және орындау рәсімін тоқтатты. 2022 жылғы қыркүйек және желтоқсан айларында Анатол Стати мен Габриэль Статиге алаяқтық, жалған құжат жасау және ақшаны жылыстату күдігі бойынша ресми айып тағылды. 2017 жылғы 6 маусымда Англия Жоғарғы соты "prima facie" Статидің төрелік шешімді алаяқтық арқылы алғаны туралы жеткілікті дәлелдер анықтаған болатын.

"Осылайша, Нидерланды Корольдігі, бірінші сатыдағы соттың Стокгольдік төрелік шешімді танудан және орындаудан бас тартқан төртінші юрисдикция болды. Статиге қарсы істе Қазақстан Республикасы пайдасына шешім шығарған төртінші ел. Амстердам Округтік сотының шешімі Статидің алаяқтығы Қазақстанның әділ және тең құқықты төрелік ету құқығын бұзды деген сенімін одан әрі нығайтты", делінген хабарламада.

Ведомство сондай ақ, бұл шешімге қатысты Әділет министрі Азамат Есқараевтың да түсініктемесін береді.

"Қазақстан Республикасы молдаван олигархтары Анатол Стати мен Габриэль Статиді жауапқа тартуға бағытталған өзінің көп жылғы күш-жігерінде тағы да революциялық жеңіске жетті. Бұл сот істі толығымен қарап, Стати біздің елге, олардың аудиторларына (KPMG), төрелік сотқа және шешімнің күшін жою бойынша Швеция соттарына қатысты алаяқтық жасағанын растаған төртінші жағдай", деді Әділет министрі.

Оның дерегінше, Стати (і) бақылауындағы компания Hayden Limited Ltd арқылы шикі мұнайды сату кезінде ҚПМ мен ТНГ (Статидің қазақстандық компаниялары "Қазполмұнай" және "Толкыннефтегаз") қаражатын жеке шығыстарға пайдалана отырып, ауқымды сомаларды шығарды;

" ТНГ-дан газ өңдеу зауытын салу кезінде заңсыз мәмілелер арқылы Статимен құпия бақыланатын Perkwood компаниясы арқылы ондаған миллион доллар шығарды; және (ііі) өзінің шығындарын "активтер" мен "шығындар" жылдық есептілігінде жасыру нәтижесінде жылдық есептілікті айтарлықтай бұрмалады", дейді Азамат Есқараев.

Сонымен қатар, Амстердам Округтік соты Қазақстанда Стати жасаған қаржылық алаяқтық төрелік кезінде талқылаудың мәні болған жоқ деген қорытындыға келді.

 "Стати Нидерландының жария тәртібін бұзу болып табылатын төрелікте процессуалдық алаяқтық жасады деген негізде Статидің төрелік шешімді тану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды", дейді ведомство басшысы.

Осылайша, төрелік шешімді орындаудан бас тартылды, бұл ретте Қазақстан Республикасының шығыстарын Стати өтеу тиіс.

"Амстердам Округтік сотының маңызды жаңа дәлелдерге негізделген шешімі Статидің төрелік шешімді алаяқтық арқылы алғандығын растайды. Қазақстан Республикасы Статидің басқа юрисдикцияларда төрелік шешімді орындауға талпыныстарына қарсы өзінің әрекеттерін жалғастыра беретініне сенімді. Амстердам Округтік сотының бұл шешімі Қазақстан үшін басқа юрисдикцияларда әділ және шынайы төрелік ету құқығын қорғауда берік негіз болады", деп түйіндеді ведомстводан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу