Ана өлімі 17,5%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеді

277

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.  

Ана өлімі 17,5%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеді Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында халық денсаулығының бірқатар негізгі көрсеткіштері жақсарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жалпы өлім көрсеткіші 0,8%-ға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім 5%-ға, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеді. Жеті айда ана өлімі 17,5%-ға азайды.

"Денсаулық сақтау жүйесі жұмысының басты нәтижесі – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Оң динамика қабылданып жатқан шаралардың нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. Енді осы нәтижені бекітіп, барлық өңірде сапалы медициналық көмектің бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды", – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Ана мен бала денсаулығының көрсеткіштері де жақсарған. Жеті айдың қорытындысы бойынша 100 мың тірі туған балаға шаққандағы ана өлімі көрсеткіші 9,7-ден 8,0-ге дейін төмендеді. Нәресте өлімі 5,93-ті құрады, жоспарлы көрсеткіш 7,3 болған. Неонаталдық өлім 3,05-ке дейін төмендеп, жоспарлы 4,1 көрсеткішінен жақсы нәтиже көрсетті.

Профилактикалық медициналық көмекке жүгіну деңгейі де артқан. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына профилактикалық мақсатта келу үлесі 33,7%-ды құрады. Бұл жылдық жоспардағы 27% көрсеткіштен жоғары.

Онкологиялық скринингтермен қамту 37,6%-дан 42%-ға дейін өсті. Қатерлі ісіктердің ең ерте, 0-I сатыларында анықталу үлесі 34,3%-ды құрады. Жоспарлы көрсеткіш 33,8% болған.

Сонымен қатар министрлік ауруларды ерте анықтау көрсеткіші төмен және пациенттерді медициналық ұйымдар арасында бағыттау мәселелері бар өңірлердегі жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында да оң динамика бар. Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларындағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 34,9%-ға жетіп, жоспарланған 32%-дан асты.

Дәрілік заттардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалау көрсеткіші 77%-ды құрады. Бұл жылдық жоспардағы 75% көрсеткіштен жоғары. Жүйе дәрілердің жеткізу тізбегінің барлық кезеңіндегі қозғалысын бақылауға және тапшылық қаупіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының көлемі соңғы үш жылда 6,7 есеге өсті. Негізгі басымдық дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін өңірлерде және ауылдық жерлерде тұрақтандыруға бағытталған.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша 24 негізгі көрсеткіштің бесеуі қосымша назар аударуды қажет етеді. Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына бұл көрсеткіштерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

"Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырып қалмауға тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет", – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Екінші жартыжылдықта Денсаулық сақтау министрлігі қол жеткізілген нәтижелерді бекітуге, өңірлер арасындағы алшақтықты қысқартуға және халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер ететін көрсеткіштерді жақсартуға басымдық бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу