2023 жылы әлемге танымал актриса Израильдің Газаға жасаған шабуылдарына қатысты тұңғыш пікір білдірген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы жолы Анджелина Джоли Instagram желісіне "Шекарасыз дәрігерлер" (MSF) ұйымының мәлімдемесін бөліскен. Мұны Анадолы басылымы жазды.
MSF-тің жарияланымында "Газа – палестиналықтар мен оларға көмек көрсеткісі келгендердің ортақ зиратына айналды" делінген.
Мәлімдемеде Израиль армиясы оқ атуды тоқтатқаннан соң да әуе, құрлық және теңіз арқылы Газа секторына шабуылдарын қайта бастағаны айтылып, бірнеше дерек келтірілген:
Палестиналықтардың өмірі жүйелі түрде жойылуда;
Халық күштеп көшіріліп жатыр;
Ең негізгі гуманитарлық көмек әдейі бөгелген.
Ұйым Израиль шабуылдарының Газадағы гуманитарлық және медицина қызметкерлері үшін үлкен қауіп төндіріп отырғанын жеткізді.
MSF баяндамасында Израиль билігінен Газадағы қатігез әрі өлімге әкелетін қоршауды тоқтатуға, палестиналықтардың, гуманитарлық және медициналық қызметкерлердің өмірін қорғауға және атысты тоқтату тәртібін қалпына келтіруге шақырған.
Еске салайық, Анджелина Джоли 2023 жылдың 1 қарашасында Израильдің Газаға жасаған шабуылдарына қатысты алғаш рет үн қосқан болатын.
– Газа тұрғындары – тығырыққа тірелген халық. Оларға қашып құтылатын еш мүмкіндік берілмей, әдейі бомбалап жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Газа ашық аспан астындағы түрмеге айналды. Енді ол үлкен зиратқа ұқсап барады, – деген болатын.
Актриса Газада балалар мен отбасылардың қырғынға ұшырауына басты назар аударады. Солай бола тұра әлем жұртшылығының бұған бейжай қарап отырғанына ашынады. Тіпті, кейбіреулерді "үндемей қалу арқылы қылмысқа серіктес болып отыр" деп кінәлайды.
– Миллиондаған палестиналық бейбіт тұрғын балалар, әйелдер, отбасылар ұжымдық жаза мен адамгершілікке жатпайтын қатыгездікке ұшырап жатыр. Олар азық-түлік, дәрі-дәрмек пен гуманитарлық көмектен қағылған. Бұл – халықаралық құқыққа қайшы, ал әлем бұған қарап отыр, тіпті кейбір үкімет қолдап отыр. Әлемдік көшбасшылар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі арқылы атысты тоқтатуға мәжбүрлеудің орнына үнсіз қалу арқылы бұл қылмыстарға серіктес болып отыр, – деп мәлімдеді ол.