Денсаулық сақтау министрі 2025 жылғы 4 тамыздағы бұйрығымен анестезиологиялық және реаниматологиялық көмекті ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ережеге келесі ұғым енгізілді:
– 18 жасқа толмаған (кәмелет жасына жетпеген) тұлға.
Түзетулерге сәйкес, операциялық-анестезиологиялық тәуекелді айқындау, анестезияның (ауырсынуды басу) әдісін таңдау және операция алдындағы дайындық жүргізу үшін пациентті жоспарлы операциялық араласу алдында анестезиолог-реаниматолог дәрігері қарайды. Ересектерді отаға дейін 24-48 сағаттан кешіктірмей, балаларды 12-24 сағаттан кешіктірмей бақылау керек.
Сондай-ақ анестезиологиялық көмек амбулаториялық немесе стационардың орнын алмастыратын жағдайда анестезиолог-реаниматолог немесе кемінде 3 дәрігерден тұратын анестезиолог-реаниматологтар тобы тарапынан көрсетіледі және оған ересектерді жоспарлы операция алдында 24-48 сағаттан кешіктірмей, балаларды 12-24 сағаттан кешіктірмей қарау, сондай-ақ анестезия алдында пациентті тағы бақылау кіреді.
Стандартқа енгізілген толықтыруға сәйкес, амбулаториялық жағдайда балаларға анестезиологиялық көмек еңбек өтілі кемінде 7 жыл болатын балалар анестезиолог-реаниматологы тарапынан көрсетілуі тиіс.
Амбулаториялық және стационардың орнын алмастыратын жағдайда келесі жағдайда анестезиологиялық көмек көрсетілмейді:
– өкпенің ұзартылған жасанды желдетілуін талап етсе;
– пациентті реанимация бөлімінде бақылауды қажет етсе;
– ұзақ операциядан кейінгі бақылау (6 сағаттан астам);
– балаларда 6 сағаттан астам анестезиологиялық көмекті қажет етсе.
Амбулаториялық жағдайда анестезия міндетті түрде капнографиясы бар наркоз-тыныс алу аппараты және қан газы талдағышы бар жұмыс орнында жүргізіледі.
Сондай-ақ пациенттерге стационар жағдайында анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек анестезиолог-реаниматологтар тарапынан көрсетіледі және оған ересектерді жоспарлы операция алдында 24-48 сағаттан кешіктірмей, балаларды 12-24 сағаттан кешіктірмей, ал шұғыл жәрдем кезінде ота жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін тексеру керек.
Стандартқа мынадай жаңа тармақ қосылды:
– Пациент анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде жатқан кезде негізгі ауруына сәйкес бейінді бөлімше бойынша есепте тұрады.
– Кезеңдік эпикриздерді, клиникалық диагноздың негіздемесін, қайтыс болғаннан кейінгі эпикризді бейінді бөлімшенің емдеуші дәрігері жасайды.
– Бейінді бөлімше меңгерушісі немесе бейіні бойынша емдеуші дәрігер (демалыс және мереке күндері, түнде бейіні бойынша кезекші дәрігер) пациент АРҚТБ-да жатқан бүкіл кезеңде күн сайын қарап, пациенттің медициналық картасын толтырады және құзыреті шегінде емдеу-диагностикалық іс-шараны жүргізеді.