Антикор жемқорлық ең аз елдер рейтингіне қатысты түсініктеме берді

421

Жақында US News порталында сыбайлас жемқорлық ең аз елдердің жаһандық рейтингісі жарияланды. 

Антикор жемқорлық ең аз елдер рейтингіне қатысты түсініктеме берді Фото: gov.kz

Қазақстан 87 мемлекет арасында 75-орынды иеленді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов осы рейтингке қатысты пікір білдірген болатын, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, бұл сауалнама жемқорлықтың жай-күйі туралы ресми қолданыстағы рейтинг ретінде ұсынылмаған.

"Рейтинг негізінде елдердің жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесі жоқ, сондай-ақ ол мұндай мақсатты көздемейді. Бір қызығы, бағалау жүргізілетін елдер тізіміне барлығы 87 ел ғана енген. БҰҰ-ға мүше елдердің өзі 190-нан асып жығылады. Қалған елдердің осы тізімнен неліктен шығарылғаны тек сауалнама авторларына ғана мәлім. Сауалнаманың өзі 10 санат бойынша жүргізілген.  Егер "туризм", "бизнеске ашықтық", "ілгерілеу" категориялары түсінікті болғанымен, алайда "сексуалдылық" шкаласы бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін қалай анықтауға болады?", - деп жазды Арман Тілеукенов Фейсбуктегі парақшасында.

Тағы бір маңызды жайт сауалнамаға тек 36 елдің тұрғындары ғана қатысқан, ал рейтингтің өзі 87 елді бағалаған, деп жалғастырды ол.

"Демек респонденттер арасында 51 елдің азаматтары жоқ. Бұл сауалнамаға қатысушылар Қазақстанға ешқашан келмеген болуы да мүмкін дегенді білдіреді. Сыртқы тұлғалардың сөздері немесе ашық көздерден, соның ішінде Борат фильмінен де алынған ақпарат бағалауға арқау болған", - деп атап өтті Антикор төрағасының кеңесшісі.

Арман Тілеукеновтің айтуынша, бірде-бір рейтинг елдегі сыбайлас жемқорлықтың нақты деңгейін бағаламайды. 

"Жемқорлықты қабылдауды бағалаудың әлемдік институттары бар. Оған Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі, Дүниежүзілік Банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау индексі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы бойынша заң үстемдігі индексі (World Justice Project) жатады. Бұл ретте "US News" рейтингісімен салыстырмалы талдау көрсеткендей, жекелеген елдердің орны мүлдем басқаша. Мәселен, аталған рейтингте Египет (47), Украина (48), Филиппин (56), Әзербайжан (62), Өзбекстан (68), Гондурас (70) Қазақстаннан (75-орын) жоғары орналасқан. Ал, мысалы, Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың халықаралық индексінде осы елдердің көрсеткіші қазақстандық (101-орын) көрсеткіштен әлдеқайда төмен: Египет (130) Украина және Филиппины (116), Әзербайжан (157), Өзбекстан (126), Гондурас (157)", - деді жазба авторы.

Ол Қазақстанның соңғы бірнеше жылда ЭЫДҰ, GRECO Еуропа кеңесінің халықаралық стандарттары мен озық елдердің практикасы тұрғысынан кең ауқымды жұмыс жүргізгенін де жеткізді.

"Қысқаша айтқанда, бірқатар қазақстандық БАҚ-та жарияланған "жемқор елдер" деп аталатын тізімдер туралы ақпарат шынайы емес және нақты жағдайды көрсетпейді... Сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді әдістерінің бірі – цифрландыру. Мұнда ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан онлайн қызметтер индексінде 8-ші және электрондық үкіметтің даму индексінде 28-ші орынды иеленді", - деп қорытындылады Арман Тілеукенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу