АӨСШК: Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен цифрлық ынтымақтастықты дамытуға басымдық береді

303

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VII саммитінде бірнеше бастама көтерді.

АӨСШК: Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен цифрлық ынтымақтастықты дамытуға басымдық береді

Атап айтқанда: ұйымды толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру, превентивті дипломатияны дамыту және жасанды интеллектіні ынтымақтастықтың жаңа бағыты ретінде қарастыру.

Мемлекет басшысы сондай-ақ көлік-логистика байланыстарын кеңейту, цифрлық және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, су ресурстары саласындағы әріптестікті нығайту және адами капиталға инвестиция салу мәселелеріне назар аударды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан ұсынған бастамалар Азиядағы қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға, өңірлік экономикалық байланыстарды дамытуға және мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі мен Каспий жасыл энергетикалық дәлізі сияқты жобалар Еуразия кеңістігіндегі цифрлық, көлік және энергетикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллект, су ресурстарын тиімді пайдалану және білім-ғылым саласындағы әріптестік ұзақ мерзімді дамудың маңызды бағыттары ретінде қарастырылады.

АӨСШК-нің болашағы, Мемлекет басшысының бастамаларының халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызы және Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы рөлі туралы Тәуелсіз халықаралық қатынастар және экономикалық саясат жөніндегі сарапшы Ерік Батырханов пікір білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру және оның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне баса назар аударды. Қазақстанның осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын көтерген бастамасының бүгінгі халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызын және Мемлекет басшысының Ұйымды дамытуға қосып отырған үлесін қалай бағалайсыз?

– Қазақстанның 1992 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасы болашақты бағдарлаған стратегиялық көзқарасқа негізделді. Сол кезеңде Азияда қауіпсіздік мәселелерін талқылауға және мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға арналған, Еуропадағы ЕҚЫҰ үлгісіндегі ортақ диалог алаңын қалыптастыру қажеттілігі туындады. Арадан отыз жылдан астам уақыт өткенде АӨСШК өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызды тетіктерінің біріне айналды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттер Азия аумағының шамамен 90 пайызын қамтып, әлем халқының жартысынан астамын біріктіріп отыр. Мүдделері мен даму ерекшеліктері әртүрлі мемлекеттерді ортақ диалог алаңына топтастыруы АӨСШК-нің бірегейлігін айқындап, оның халықаралық деңгейдегі маңызын арттыра түседі.

Бұл үдерісте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі ерекше. Сыртқы істер министрі қызметін атқарған кезеңде ол Кеңестің қалыптасуына тікелей атсалысып, кейін Мемлекет басшысы ретінде Ұйымды институционалдық тұрғыдан дамытуға және оның халықаралық әлеуетін арттыруға басымдық берді. Соның нәтижесінде 2022 жылы Астанада өткен АӨСШК-нің VI саммитінде мүше мемлекеттер Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөнінде уағдаласты. Қазіргі таңда осы мақсатқа жету жолындағы маңызды міндеттердің бірі – Ұйымның Жарғысын қабылдау. Бакуде өткен VII саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің институционалдық негізін нығайтып, нақты нәтижелерге бағытталған ынтымақтастықты дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл Қазақстан Президентінің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және Азиядағы көпжақты дипломатияның тиімділігін арттыруға бағытталған дәйекті саясатының көрінісі. Мемлекет басшысының бастамалары АӨСШК-нің халықаралық үдерістердегі орнын нығайтып, Ұйымның болашақтағы даму бағдарын айқындауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы АӨСШК аясында превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынып, қақтығыстардың алдын алу үшін келісілген іс-қимылдың маңызын атап өтті. Сіздің ойыңызша, бұл бастама Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы рөлін арттыруға қандай мүмкіндіктер ашады?

– Превентивті дипломатия механизмін іске қосу туралы ұсыныс Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларының заңды жалғасы саналады. Өйткені қақтығыстардың алдын алу олардың салдарын жоюға қарағанда әлдеқайда тиімді әрі аз шығынды талап етеді. Бұл тетіктің маңызы қазіргі халықаралық жағдай аясында арта түсуде. 2025 жылы әлемде Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең көп қарулы қақтығыс тіркелді.

Ұсынылып отырған құралдың басты ерекшелігі – шешім қабылдау үдерісіне ірі державалармен қатар барлық мүше мемлекеттің жүйелі түрде қатысуына мүмкіндік беруі. Бұл Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымымен де үндеседі. Аталған саясат елімізге негізгі халықаралық серіктестермен сындарлы диалог орнатуға және түрлі тараптар арасында сенімді келіссөздер жүргізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның дипломатиялық тәжірибесі мен халықаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі ерекше маңызға ие. Ал превентивті дипломатия тетігінің нәтижелі жұмыс істеуі оған қатысушы мемлекеттердің ортақ шешімдерді нақты іс-қимылмен ұштастыруына байланысты. Сондықтан АӨСШК Жарғысын қабылдау және Ұйымның институционалдық негізін нығайту бастамаларды жүйелі жүзеге асыруға жол ашатын маңызды қадам болмақ.

– Президент жасанды интеллект мәселесін АӨСШК қызметінің жаңа басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып, цифрлық ортада сенім мен қауіпсіздікті нығайтуды ұсынды. Қазақстанның осы бағыттағы бастамалары, соның ішінде Алматыда БҰҰ ЭСКАТО-ның тұрақты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастыруы еліміздің өңірлік технологиялық ынтымақтастықтағы орнын қалай нығайтады?

– АӨСШК-нің қолданыстағы бес өлшеміне алтыншы бағыт – жасанды интеллектіні қосу туралы ұсыныс қазіргі заманның шынайы сұранысына сай келеді. Жасанды интеллект экономикалық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторлардың біріне айналды. Алайда бұл саладағы технологиялық мүмкіндіктер халықаралық-құқықтық реттеу тетіктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам дамып келеді.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект агенттерінің қорғаныс жүйелерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізген жағдайларды мысалға келтірді. Осыған байланысты АӨСШК аясында әскери-саяси салада дәстүрлі түрде қолданылып келе жатқан сенім шараларын цифрлық ортада да жүзеге асыру орынды қадам болмақ.

БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының тұрақты даму мақсаттарына арналған цифрлық шешімдер орталығының Алматыда орналасуы Қазақстанның өңірлік технологиялық даму үдерісіндегі рөлін нығайта түседі. Бұл еліміздің технологияларды тұтынушы ретінде ғана емес, өңірлік тәсілдер мен шешімдерді қалыптастыруға атсалысатын мемлекет ретінде де әлеуетін арттырады. АӨСШК-ге мүше мемлекеттерді Орталықтың жұмысына қатысуға шақыру Қазақстанның бастамасын көпжақты ынтымақтастық алаңына айналдыруға мүмкіндік береді. Қазір қалыптасып жатқан цифрлық инфрақұрылыммен ұштастырғанда, бұл Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуға берік негіз қалайды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, энергетика және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі мен Каспий жасыл энергетикалық дәлізі сияқты жобалардың Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырудағы және Еуразия кеңістігіндегі байланыстарды дамытудағы стратегиялық маңызы қандай?

– Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан президенттері пайдалануға берген Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі – өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Ұзындығы шамамен 380 шақырым болатын кабель Каспий теңізінің түбімен Ақтау мен Сумғайыт қалаларының арасын жалғайды. Оның өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады. Жобаны "Қазақтелеком" мен AzerTelecom компаниялары жүзеге асырды. Осылайша, Орта дәліздің мүмкіндігі көлік тасымалымен шектелмей, цифрлық бағытта да кеңейіп келеді. Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға деректерді тікелей жеткізуге жол ашылады. Бұл деректер орталықтарын, бұлтты сервистерді және жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамытуға, демек, қосылған құны жоғары экономика қалыптастыруға негіз болады.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жасыл энергия жеткізу саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімі негізінде қолға алынған Каспий жасыл энергетикалық дәлізі де осы мақсатқа қызмет етеді. Жоба өңір елдерінің энергетикалық жүйелерін біріктіріп, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуға мүмкіндік беруге бағытталған. Сонымен қатар дәстүрлі энергетика саласындағы ынтымақтастық та дамып келеді.

Биылғы тоғыз айда қазақстандық мұнайдың Ақтау порты арқылы Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры бағытымен тасымалданған көлемі 24 пайызға өсті. Мұны қалыптасқан бағыттан бас тарту емес, экспорттық маршруттарды әртараптандыру деп бағалаған жөн. Негізгі тасымал бағыттары сақталады, сонымен бірге Қазақстанның орнықтылығы артып, экспорт мүмкіндіктері кеңейеді. Мемлекет басшысы ұсынған АӨСШК-нің көлік байланыстылығын дамыту стратегиясы осы жобаларды өңірдегі басқа да ірі көлік дәліздерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы АӨСШК аясында су ресурстары саласындағы серіктестікті дамытуды және адами капиталға инвестиция салуды ұсынды. Қазақстанның мүше мемлекеттер студенттеріне шәкіртақы тағайындауға және ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге дайын болуы еліміздің өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға деген ұстанымын қалай көрсетеді? Бұл бастамалар Қазақстанның халықаралық беделіне және болашақ ұрпақтың дамуына қандай ықпал етуі мүмкін?

– Азия үшін су мәселесі экологиямен ғана шектелмейді, ол қауіпсіздік мәселесімен де тығыз байланысты. Азия-Тынық мұхиты өңірінде әлем халқының 60 пайызы тұрады, алайда дүниежүзілік су ресурстары қорының небәрі 35 пайызы осы өңірге тиесілі.

АӨСШК аясында су ресурстары жөніндегі әріптестік құру туралы ұсыныс технологиялар алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және суды үнемдейтін шешімдерді енгізуге бағытталған. Бұл бастама судың келіспеушілікке себеп болуына жол бермей, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын ортақ ресурс ретінде сақталуына ықпал етеді. Қазақстанның АӨСШК-ге мүше 28 мемлекеттің студенттеріне стипендиялар мен қатысушы елдердің ғалымдарына зерттеу гранттарын ұсынуға дайын болуы – ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған инвестиция.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы келесі жылдың өзінде қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласында ғылыми-зерттеу стипендиялық бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен байланыс орнатқан жас мамандар мен зерттеушілер 10–15 жылдан кейін өз елдерінің мемлекеттік басқару, бизнес және ғылым салаларында еңбек етіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қоса алады.

Білім мен ғылым саласындағы осындай байланыстар Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, елдер арасындағы сенімді арттыруға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның ықпалын ресми мәлімдемелер арқылы ғана емес, адамдардың жеке тәжірибесі мен кәсіби байланыстары арқылы арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт. Мемлекет басшысы атап өткендей, адами капиталға инвестиция салмай, бастамалардың ұзақ мерзімді әрі тұрақты нәтижесіне қол жеткізу қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу