Жексенбі күні Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің бас хатшысы Прамод Кумар Мишра борттық жазу құрылғысы мен ұшқыштар кабинасындағы әңгімелердің жазбасы табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Мамандардың пікірінше, бұл жазбаларды толық ашу 4-5 күнге созылуы мүмкін.
Алғашқы "қара жәшік" жұма күні Ахмед Абадта Air India AI-171 рейсі құлаған орынның маңындағы ғимараттың шатырынан табылған. Бірнеше халықаралық сарапшылар тобы Үндістанның авиациялық оқиғаларды зерттеу бюросына апаттың нақты себебін анықтауға көмектесу үшін Ахмед Абадқа арнайы келді.
"Есеп үш ай ішінде жарияланады", – делінген ресми хабарламада.
Борттық жазу құрылғылары тергеушілерге апатқа дейінгі оқиғалардың секунд сайынғы хронологиясын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Олар ұшқыштар кабинасында және ұшақ жүйелерінде нақты не болғанын объективті түрде көрсетеді.
Айта кетейік, Ахмед Абад қаласынан Лондонға ұшып шыққан әуе кемесі көп ұзамай апат болып, ұшақ медицина қызметкерлерінің жатақханасына құлаған болатын. Апаттан бір адам ғана тірі қалды.