Аптаға шолу: әлемдегі оқыс оқиғалар

186

Бұл аптада әлемде түрлі оқиғалар болды. Осыған орай inbusiness.kz тілшісі шолу ұсынады.

Аптаға шолу: әлемдегі оқыс оқиғалар Фото: Inbusiness

 

Жұмбақ блэкаут

Осы аптаның басында Испания мен Португалия түгелге жуық жарықсыз қалды. Энергетикалық дағдарыстың себебі әлі белгісіз. Бір сөзбен айтқанда – жұмбақ блэкаут. Дегенмен аптаның ортасына таман екі елге де электр қуаты толық берілді. Ал мұның алдында пойыздар тоқтап, ұшақтар жерге қонып, мектептер мен кеңселер бірінен соң бірі жабылды. Зауыттар да жұмысын доғарып, ет бұзылып, автомашиналар конвейерден шыға алмады. Көшелерде бағдаршамдар өшіп, күйбең тірлік хаосқа ұласты.

Банкоматтардың көбі істемегендіктен, талай адам ақшасыз қалды. Кейбір жерлерде байланыс жоқтықтан жұртшылық ақпаратты батареямен жұмыс істейтін радиодан алды. Кенеттен келген дағдарыс салдарынан Испания ішкі жалпы өнімінің 0,1 пайызынан айрылған.

Бірнеше секундта бір емес, екі мемлекет қалай жарықсыз қалды? Бұның жауабын ешкім білмейді. Хакерлерге немесе ауа-райына кінә тағайын десе, дәлел табылмады. Мүмкін жасыл энергияге көшу кінәлі шығар? Испания премьер-министрі Педро Санчес айтқпандай, бұны да айыптау қиын. Қазір тергеу жүріп жатыр.

 

Израильдің тағы бір соғысы ма?

Дүйсенбіден бері әлем назарынан түспеген тағы бір ел – Сирия. Бұл араб республикасының астанасы Дамаскінің айналасындағы аудандарда друздар мен сүннит мұсылмандар қақтығысты. Ондаған адам қаза тапқан. Діни жанжалдың басталуына Мұхаммед пайғамбарды қарғаған аудиодыбыстың тарауы себепші.

Шиизмнің бір тармағы исмаилиттерден бөлінген друз сектасына әлемде бір миллиондай адам кіреді. Солардың шамамен жартысы былтыр желтоқсанда сүнниттер билігі орнаған Сирияда тұрады.

Друздарды қорғау туралы ұрандар осы сектаның 24 мың өкілі тұратын Израильде де көтерілді. Дамаскі маңындағы қарулы шайқастардан кейін Израиль армиясы жұма күні Сирияның уақытша әрі исламист президенті Ахмед әш-Шаараның резиденциясы жанына бомба тастады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Израиль осы әрекетімен-ақ друз азшылығын қорғауды желеу етіп Сирияда әскери әрекеттерін белсенді етуге дайын екенін білдіріп отыр.

Дегенмен друз қауымдастығының лидерлері мен Сирия үкіметінің өкілдері Суейда провинциясында кездесу өткізіп, конфессия-аралық шиеленісті жеңілдетуге уағдаласты.

"Сирия – біздің туған жеріміз. Оған балама ел жоқ. Және де біз өзгенің қорғауына мұқтаж емеспіз", - деді друз жетекшілерінің бірі шейх Лайз әл-Балоус осы басқосудан кейін.

Айта кетсек, Израиль Газа секторындағы соғысты жалғастырып жатыр. Ал былтыр қарашаның соңында ол ливандық "Хеболламен" арадағы шайқасты тоқтатуға келіскені белгілі.

 

Храм жолындағы трагедия

Үндістанның батысындағы Гоа штатында өткен аптаның сенбі күні 6 адам қаза тауып, ондағаны жараланды. Press Trust of India агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға аймақ астанасы Панаджи қаласынан шамамен 40 шақырым жердегі Шигао ауылындағы храмға барар жолда болған.

Жергілікті полиция басшысы Алок Кумар мәлімдегендей, діни жиынға қатысу үшін тар көшеге сан мың адам жиналыпты. Солардың кейбіреулері храм маңындағы биіктеу жерден құлағанда өзгелерді итеріп, талай тұрғын аяқ астында тапталып қалды.

Айта кетсек, Шри Лайрай Деви деп аталатын үнділер фестивалі бұл ғибадатханада жыл сайын өтеді. Оған Гоамен бірге көршілес Махараштра және Карнатака штаттарынан мыңдаған адам қатысады.

Зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаларға жөнелтілді. Жергілікті билік трагедияның мән-жайын тергеуге бұйрық берген.

 

Аллигаторлардың азуынан аман қалды

Боливияның Амазон аймағында шағын ұшақ батпақты суға төтенше жағдайда қонды. Бірақ әуе машинасы әрең табан тіреген жерде аллигаторлар қаптап жүрген. Сондықтан борттағы бес адам жан сақтау үшін 36 сағат бойы ұшақтың төбесінен түспеген.

Бени департаментінің төтенше жағдайлар қызметінің директоры Уильсон Авиланың сөзінше, жолы болмаған авиациялық техниканы жергілікті балықшылар тауып алған.

Құтқарылғандардың үшеуі – әйел, біреуі – бала, тағы біреуі – 29 жастағы пилот. "Олардың жағдайы тамаша",- дейді Авила.

Баурес қаласынан Тринидад қаласына аттанған ұшақтың моторы Итаномос өзенінің маңында істен шыққан. Сондықтан ұшқыш Андрес Валерда ұшақты дереу қондыру туралы шешім қабылдапты.

Оның сөзінше, машинаны аллигаторлар қоршап алып, үш метрге дейін жақындаған. Бірақ жыртқыштар төгілген бензиннің иісінен қорқып, ұшақтың үстіне шыға алмаса керек.

"Құтқарушыларды күтіп отырғанда жолаушылардың бірі әкелген маниоки ұнын қорек еттік, су ішпедік, ешқайда бара алмадық, себебі төменде аллигаторлар көп жүрді", - дейді аман қалғандардың бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу