Бұл туралы Ақмола облысындағы "Aqmola Hub" өңірлік IT-хабы филиалының директоры Диан Айбашпанов айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг берген ол аймақтағы IT-стартаптар мен жасанды интеллектіні дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында "Astana Hub" халықаралық IT-стартаптар технопаркі корпоративтік қоры үлгісінде технологиялық хабтарды құру және қолдау міндетін тапсырған болатын. Осыған орай 2023 жылдың 27 қыркүйегінен бастап Көкшетау қаласында "Aqmola Hub" өңірлік IT-хабы жұмыс істейді. Ол – Көкшетау қаласы бойынша "Инновациялық технологиялар паркі" автономды кластерлік қорының филиалы, – деді ол.
Әлбетте, "Aqmola Hub" жұмыс істеген уақыт аралығында өңірлік экожүйе қалыптасты, онда "Astana Hub" халықаралық IT-стартаптар технопаркінің барлық қолдау тетігі, бағдарламалары мен тәжірибелері жүзеге асырылуда деуге әбден негіз бар. Компаниялар, стартаптар мен IT-мамандардың жылдам дамуына жағдай жасалып отыр. Соның арқасында IT-қоғамдастық қалыптасып келеді. Бір ғана Freedom Telecom, Sergek Group, Yessen&Company, IT Park Uzbekistan, Unicef, GameLab KBTU, Digital Nomads және басқа ұйымдармен бірлескен бағдарламалар – жүйелі жұмыстың нақты дәлелі.
Брифинг барысында Диан Мұратұлы АКТ және стартаптарды танымал ету бойынша іс-шаралар легімен таныстырып өтті.
– Өңірлік хабта АКТ саласын дамытуға бағытталған 200-ден астам іс-шара өткізіліп, оларға Көкшетау және Ақмола облысынан 3 мыңнан астам адам қатысты. Оның қатарында жасанды интеллектпен жұмыс істеу бойынша воркшоптар, VibeCoding (ЖИ арқылы әзірлеу) бағыты бойынша екі апталық AI Bootcamp оқыту курстары, әртүрлі IT бағыт бойынша кіріспе сабақтар, мотивациялық кездесулер, Speaker Talks және IT-қауымдастықты тартуға арналған митаптар, IT-викториналар бар. Ең танымал жобалар – стартаптарды бірлесіп дамытуға арналған "Стартап прожаркасы", стартаптардың сарапшылар алдында көпшілікке таныстырылымы өткен "Pizza Pitch" және алғашқы "Kokshetau Digital Hackathon" болды. Хакатонға 90 команда қатысып, қысқа мерзімде техникалық тапсырмаларды орындады, – деп сөзін жалғады ол.
Жалпы, жаңа IT-мамандарды даярлау үшін оқу бағдарламалары ұйымдастырылып келеді. Мысалы, Ақмола облысының 2 мыңнан астам тұрғыны "Astana Hub" бағдарламалары бойынша, соның ішінде жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту курстарынан өткен.
– IT-салада адами капиталды дамытуға арналған мемлекеттік "Tech Orda" бағдарламасы бар, ол жеке IT-мектептерде оқуға 600 мың теңгеге дейін грант береді. Бағдарлама түлектерінің орташа жалақысы – 453 мың теңге. Көкшетаудағы өңірлік IT-хаб базасында "Tech Orda" бағдарламасы бойынша 5 жеке IT-мектеп аккредиттеліп, олар Python бағдарламалау, фронтенд-әзірлеу, деректерді талдау және жасанды интеллект арқылы әзірлеу бойынша білім береді. 200-ден астам ақмолалық осы бағдарлама арқылы заманауи цифрлық мамандықтарға оқуға грант алды, – деді Диан Айбашпанов.
Бүгінде Ақмола облысында 60-тан астам стартап-жоба белсенді жұмыс істеуде, онда 200-ден астам жас IT-кәсіпкерлер түрлі бағытта (FinTech, AI, AgriTech, TravelTech, GameDev және т.б.) шешімдер әзірлеумен айналысып келеді. 2024 жылы алғаш рет Ақмола облысынан 14 стартап-жоба "Astana Hub"-тың "Startup Garage" инкубациялық бағдарламасына қатысқан.