Әр 10 жылда базалық зейнетақы 2 пайызға өспек

777

Әр 10 жылда базалық зейнетақы 2 пайызға өспек

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс атқаруда. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады.

"Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда", - деп түсіндірді Светлана Жақыпова.     

Мұндай әдіс, 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнататыны күтілуде. 1998 жылға дейін және одан кейін де 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға, базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады. 

10 жылдан асқан әр жыл сайын базалық зейнетақы 2 пайызға өспек. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын құраса, 30 жылда 94%-ды межелемек. Заңда айқындалғандай, 33 жылды еңсерген өтіл белесінде базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің толық 100% көлемін қамтымақ.

Светлана Жақыпованың айтуынша, үкіметтің әлеуметтік сала бойынша жүргізіп жатқан жұмысы мемлекет көмегін алушы барлық тараптар үшін міндеттер ауқымын жүзеге асыруда кешенді әрі жүйелі көзқарасты қажет етеді.

"Мәселен, бүгінде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 466 теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрады.

Келесі жылы ынтымақты зейнетақыны болжамды инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары көтеру жоспарлануда.

Сонымен бірге, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымын қайта қарастыру мен оны келесі жылы 16 пайызға өсірумен қатар, мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша да жәрдемақы мөлшері көбейтілетін болады. Бұл аталған жәрдемақы түрлерін алушы 570 мың адамға қатысты дүние", - деп түйіндеді Вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу