Сол себепті, кейбір органдар бұған қыруар қаражатын жұмсап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұны Мемлекет басшысы "нағыз қаржы жымқыру" деп есептейді.
– Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуы тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың дербес деректерін қорғауды да қатаң ескертті.
– Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру да – өте өзекті мәселе.
– Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, дұрыс, оң нәтиже аз. Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Дүниежүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.