Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметшілер үшін жұма күнін ағарту күні деп белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат жастардың мемлекеттік қызметтен бизнеске кетіп жатқанын жеткізді.
"Жастардың айтатын ең бір үлкен проблемасы бұл біріншіден жан жақтан жасалатын қыспақ, тексеріс. Былық анықталған кезде кім жауапкершілікке тартылады? Жастар, маман, бөлім маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы. Сондықтан психологияда парадигманы ауыстыру дегеніміз осы. Парадигманы өзгертуіміз керек, яғни жаңа институтты енгізуіміз керек", – деді мәжілісмен.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, жоғары лауазымды тұлғаның кінәлілік презумпциясын енгізу қажет. Ол мұндай тәжірибе кейбір мемлекеттерде қолданылатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты командалық ауыс-түйіс мәселесін де көтерді.
"Әкім ауысса, өзімен бірге отыз-қырық адамды алып келеді. Министр ауысса да солай. Командалық ауыс-түйісті тоқтатуымыз керек. Кем дегенде үш жыл мораторий енгізу қажет. Министр тағайындалды ма, әкім тағайындалды ма, үш жыл бойы бұрынғы команда тұрып, жұмыс істелуі тиіс", – деді мәжілісмен.
Депутат мемлекеттік қызметкерлер үшін жұма күнін ағарту күні деп белгілеуді ұсынып отыр.
"Өкінішке қарай, біз кітап оқитын емес, әлеуметтік желіні қолданатын ұлтқа айналып бара жатырмыз. Президентіміз кітап оқу керек деп қаншама рет айтып келеді. Жеке ұсынысым – болашақта аптаның жұма күнін толығымен ағарту күні, яғни шығармашылық күні деп тағайындау. Ол жерде ешқандай құжаттама, ешқандай тапсырма болмауы керек. Мемлекеттік қызметшілерді босатып, ол кітапханаға барып, кітабын оқуы керек. Макиавелли мен Абайды оқыған мемлекеттік қызметші халықпен дұрыстап жұмыс істей алады", – деді Бақытжан Базарбек.