Арал бассейнінен мұнай мен газ қоры бар 20 алаң табылды

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев хабарлап отыр. 

Арал бассейнінен мұнай мен газ қоры бар 20 алаң табылды Фото: gov.kz

Оның сөзінше, еліміздегі геологиялық зерттеу жұмыстары халықаралық стандарттарға сай жаңа деңгейге көтерілген, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан аумағын зерттеу 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарланды. Мұны комитет өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты. 
Оның сөзінше, былтыр іздеу жұмыстарына арналған 29 әлеуетті алаң анықталған. Оларға алтын, мыс, қорғасын, мырыш және басқа пайдалы қазбалар жатады. 

– Бұрын 1:200 000 масштабында зерттеу жүргізетінбіз. Бұл тек жалпы түсінік беретін, бірақ инвестициялық шешім қабылдау үшін жеткілікті дәлдік бермейтін. Қазіргі инвестор халықаралық стандартқа сай нақты деректерді талап етеді. Сондықтан біз метрлік дәлдікпен егжей-тегжейлі зерттеу жүргізетін жаңа деңгейге көштік. Бұл әлеуетті алаңдарды ерте кезеңде анықтауға және зерттеуден игеруге өту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді Қанат Ерубаев.

2025 жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта егжей-тегжейлі зерттеу жобалары жүзеге асқан. Жобалар кешенді тәсілмен жүргізілген. Тіпті, заманауи әдістер қолданылған. Олар – жерді қашықтан зондтау, аэрогеофизика, магниттік және гамма-спектрометриялық түсірілім, геохимиялық зерттеу (IONIC leaching әдісі), зертханалық талдау, бұрғылау және ұңғымаларды геофизикалық зерттеу. 

– Арал бассейніндегі зерттеулер геологиялық құрылымды нақтылауға, жаңа элементтерді бөліп көрсетуге және болжамды мұнай мен газ қорын бағалауға мүмкіндік берді. Мұнай мен газ қоры бар 20-дан астам алаң анықталды. Биыл Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі осы алаңдарға жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукциондар өткізеді. Сонымен қатар, аз зерттелген басқа бассейндерде жаңа сейсмикалық барлау жобалары іске қосылады, – деді Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу