Индонезияның көші-қон қызметі 17 қыркүйекте Бали аралының Чангу, Семиньяк және Умалас аудандарында бірлескен операция жүргізіп, жезөкшелікпен айналысты деген күдікпен 13 шетел азаматын ұстады. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұсталғандардың 12-сі әйел, біреуі ер адам. Олардың қатарында Ресей, Украина, Нигерия және Қазақстан азаматтары бар. Кейбірінің тұруға рұқсат құжаттарының мерзімі өтіп кеткен, енді бірінің құжаттарын заңсыз пайдаланғаны анықталған.
Көші-қон қызметінің мәліметінше, операция тұрғындардан түскен ақпарат, онлайн платформалар мен Telegram-дағы жарияланымдарды бақылау негізінде жүргізілген.
Қазір 13 азаматтың барлығы Нгурах Рай көші-қон басқармасында жауап беріп жатыр. Оларға депортация және Индонезияға бес жылға дейін кіруге тыйым салу қаупі бар. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі қарастырылуда.