Қостанай облысының прокуратурасы Арқалық кен орнында техногендік минералды түзілімдерді ұрлау және заңсыз сату фактісі бойынша айыптау актісін жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы тамызға дейін облыс тұрғыны өзіне тиесілі ЖШС арқылы мемлекетке тиесілі сазды тиісті лицензиясыз заңсыз өндіріп келген. Кейін ол шикізатты елдің оңтүстік өңіріндегі кәсіпорындарға сатқан.
"Қылмыстық әрекетті жасыру үшін күдікті Арқалық қаласындағы өнеркәсіптік аймақта орналасқан теміржол тұйығын жалға алып, ұрланған сазды сол жерге жеткізіп отырған. Шикізаттың шығу тегіне заңдылық түр беру мақсатында ол іс жүзінде алынбаған 8 мың тонна сазды сатып алу туралы басқа ЖШС-мен жалған шарт жасасқан. Жалған мәмілені бекіткен тұлға күдіктінің туысы болған", – деп жазды бақылаушы органнан.
Заңсыз әкетілген минералды түзілімдердің жалпы көлемі 15 мың тоннадан асқан.
Күдіктінің әрекеттері ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (аса ірі мөлшерде ұрлық), 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (аса ірі кіріс ала отырып, заңсыз кәсіпкерлік қызмет), 218-бабы 2-бөлігі 3-тармағы (қызметтік жағдайын пайдаланып, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру) бойынша сараланған. Бұл баптар мүлкін тәркілеумен бірге он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.