Жетісу облысында Көксу өзенінен темір арқан арқылы өтпек болып, суға құлап кеткен 36 жастағы әскери қызметші әлі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық ТЖД ер адамның Кербұлақ ауданында із-түссіз жоғалып кеткенін хабарлады. Ер адам Көксу өзенінен арқан арқылы өтпек болған кезде оны ағыс алып кеткен.
Департаменттің ақпаратына сәйкес, жоғалған ер адамды іздеу жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Белсенді кезеңде ұшқышсыз ұшу аппараттары және басқа да іздеу құралдары қолданылып жатыр. Екінші кезеңде су жағалауларына мониторинг жүргізіліп, куәгерлерден жауап алынуда.
Кейін ер адамның келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметкер екені хабарланды. Оқиға орнында болған достарының сөзінше, жоғалып кеткен ер адам ішімдік ішпеген.
Бұған дейін желіде арқан арқылы ағысы қатты өзеннен өтпек болған ер адамның видеосы тарады. Ол суға құлап, кейін оны ағыс алып кеткен.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, іздеу жұмыстарына 100-ге тарта адам жұмылдырылған.
Айта кету керек, осыған дейін Жетісу облысында өзеннен аспалы трос арқылы өтпек болған ер адам суға кеткенін хабарлаған едік.