Арман Қырықбаев жастармен Жолдаудағы міндеттер мен жаңа мүмкіндіктерді талқылады

354

Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев шығармашыл жастар және креативті индустрия өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Арман Қырықбаев жастармен Жолдаудағы міндеттер мен жаңа мүмкіндіктерді талқылады Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Басқосуда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы, жастар саясатының басым бағыттары және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жастардың қосатын үлесі талқыланды.

Кездесуге жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, музыканттар, режиссерлер, продюсерлер, блогерлер, журналистер, ғалымдар мен спортшылар қатысты. Сондай-ақ жиынға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының иегерлері, жастар ұйымдары мен волонтерлік қозғалыстардың өкілдері және студенттер жиналды.

Министр Жолдауда белгіленген негізгі міндеттерге тоқталып, мемлекеттік жастар саясатының басымдықтарын түсіндірді. Атап айтқанда, шығармашыл жастарды қолдау, олардың білімін жетілдіру, цифрландыру, жасанды интеллект пен креативті индустрияларды дамыту мәселелері қозғалды.

"Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерді белгілейтін маңызды стратегиялық құжат. Президент келер ұрпаққа қуатты экономика мен дамыған технологиялары бар мемлекет қалдыру міндетін атап өтті. Бұл жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктермен қатар, олардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін де айқындайды", – деді Арман Қырықбаев.

Басқосуда білімді ұрпақ тәрбиелеу мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға да назар аударылды. Министр Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасын атап өтті. Осы бағытта 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап "Кітап оқитын ұлт" республикалық марафоны өткізіліп жатыр.

Арман Қырықбаев жастардың жеке жобаларын жүзеге асыруына арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін де таныстырды. Мәселен, "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты аясында жыл сайын 30 жасқа 3 миллион теңгеден қаржылай көмек беріледі.

Жиында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгерудің маңызы да сөз болды. Министрдің айтуынша, бұл құралдар экономиканың барлық дерлік саласын, соның ішінде мәдениет пен ақпарат бағыттарын дамытуда маңызды рөл атқарады.

Креативті экономиканы дамыту мәселесіне де жеке тоқталды. Қазіргі уақытта еліміздің 20 өңірінде жас таланттардың әлеуетін ашуға, жобаларын жүзеге асыруға және отандық өнімдерді ілгерілетуге мүмкіндік беретін креативті хабтар жұмыс істейді.

Кездесуге қатысушылар ұлттық мәдениетті дамыту, отандық авторларды қолдау, қоғамдық құндылықтарды нығайту және жаңа әдеп қағидаларын қалыптастыру жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар "Адал азамат", "Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" қағидаттарының қоғам өміріндегі маңызы талқыланды.Министр жастардың қоғамдық өзгерістерге белсенді араласуы қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, заманауи білім мен технологияларды меңгеру ұлттық құндылықтарға адалдықпен, жауапкершілікпен және белсенді азаматтық ұстаныммен қатар жүруі керек.

Өз кезегінде жастар Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын және елдің дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар министрге сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу