Алдын ала нәтижелерге сәйкес, премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін "Азаматтық келісім" партиясы сайлаушылардың 57,14 пайыз даусын жинап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алдын ала нәтижелер жарияланғаннан кейін Пашинян өз партиясының жеңіске жеткенін мәлімдеп үлгерді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бюллетеньдердің басым бөлігі саналғаннан кейін партия 51 пайыздан астам дауыс жинаған. Екінші орынға кәсіпкер Самвел Карапетян қолдайтын оппозициялық альянс шықты. "Күшті Армения" 21,43 пайыз дауысқа ие болған. Ал үшінші орында бұрынғы президент Роберт Кочарян бастаған блок келеді.
Сайлауға барлығы 18 саяси партия мен блок қатысты. Дауыс беруге сайлаушылардың 58 пайыздан астамы қатысып, бұл көрсеткіш алдыңғы парламент сайлауларымен салыстырғанда жоғары болды. Қазіргі уақытта 2005 сайлау учаскесінің тек 110-ындағы дауыстар ғана саналып үлгерді.
7 маусымда өткен парламенттік сайлау Арменияның алдағы даму бағытын – Батысқа жақындау немесе Ресеймен ықпалдастықты күшейту жолын айқындамақ.
2025 жылы Пашинян билігі елдің Еуропалық Одақпен жақындасу бағытын заң жүзінде бекітті. Бұл қадам Ереван мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынаста жаңа шиеленіс кезеңін туғызды. Дегенмен премьер-министр Ресеймен байланысты толық үзу мақсаты жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ал оппозициялық күштер елдің Ресеймен тығыз байланысын сақтауды қолдайды.