Армия ойындары: Қазақстандық команда үздік үштікте

1504

Қазір Армия халықаралық ойындарының 32 байқауы әлемнің 10 мемлекетінде өтуде. Бұл сайыстарға жер шарының 39 елінен 223 команда қатысуда. Біздің әскери қызметшілер 16 конкурсқа қатысады. 

Армия ойындары: Қазақстандық команда үздік үштікте

Армия халықаралық ойындарында қазақстандық команда алғашқы марапаттарға қол жеткізді. Мәскеу облысындағы "Адал дос" сайысында біздің кинологтар рейтингі анағұрлым жоғары командалар арасында жеке жарыста бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

"Чемпиондар жарысы" кезеңі аясында әскери полицияның кинологы ефрейтор Мағжан Жаңабеков "Арно" деген қызметтес итімен қалған қатысушылардан басып озып, 1 600 метрді 6 минут 6 секундта бағындырды және атыс шебіндегі барлық нысанаға дәл тигізді.

Конкурстардың бірінші кезеңдерінің нәтижелері бойынша қазақстандық команда үздік үштікте. Мәскеу облысындағы "Алабино" полигонында өтіп жатқан "Танк биатлонында" біздің танкистер сайыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша бірінші орында. Экипаж өз жарысында – 21 минут 50 секундта келіп, үздік нәтиже көрсетті.

Рязаньдағы "Авиадартс" сайысының бірінші кезеңінде біздің әскери ұшқыштар дене даярлығынан үздік нәтиже көрсетті. Су-25 жойғыш ұшағы, Ми-35 и Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары бірінші, ал Су-30СМ жойғыш ұшағының ұшқыштары үшінші орынды иеленді.

Мәскеу маңындағы Алабинода өтіп жатқан "Далалық ас үй", сондай-ақ Өзбекстандағы "Фориш" полигонында басталған "Әскери-медициналық эстафета" турнирлерінің қорытындысымен командалар екінші орынға қол жеткізді.

Бресттегі (Беларусь) мергендер сайысында қазақстандықтар үздік үштік қатарынан көрінді. Қазір олар жеке сынақта үшінші болып тұр.

Әзербайжандағы "Теңіз кубогы" конкурсында әскери теңізшілер өздерін лайықты деңгейде көрсетті. Кеменің ұрыста өміршеңдігі мен теңіз жағасындағы жаттықтыру кешендерінде жаттығу орындаудан олар үшінші орынға ие болды.

Дәл осы сәтте Моңғолия оқу-жаттығу полигонындағы Қазақстанның әскери командасы биыл алғаш рет өтіп жатқан "Әскери бәйге" сайысында да жүлделі үшінші орында.

Армениядағы "Әлем жауынгеріне" қатысушылар әскери-медициналық дайындықта бақ сынасты. Біздің команда бұл кезеңді үшінші орынмен тәмамдады. Сондай-ақ Қазақстанда сайыстар басталған бірінші күннің өзінде-ақ "Сенімді қабылдау" конкурсында біздің байланысшы жауынгерлер 5 команда арасынан 281 ұпаймен көш бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу