"АрселорМиттал Теміртау" 500 мың ағаш отырғызуға міндетті

1078

Теміртауда зиянды шығарындыларды төмендету туралы меморандумға қол қойылды.

"АрселорМиттал Теміртау" 500 мың ағаш отырғызуға міндетті

Теміртау қаласында мәжілісмендер тобы болып қайтты. Депутаттармен бірге ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысында ірі кәсіпорындардың техногендік әсерін төмендету, өндірісті жаңғырту секілді өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін әкімдік тиісті кешенді жоспарды бекіткен болатын. Отырыста әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Кешенді жоспардың орындалуы туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2023 жылға дейін қоршаған ортаны сауықтыру шараларын жүзеге асыру үшін барлық көздерден 121 млрд теңгеден астам қаржы салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің ақпараты бойынша, "АрселорМиттал Теміртауға" облыс бойынша зиянды қалдықтардың төрттен бір бөлігі және 80%-дан астамы Теміртауға келеді.

"Компания соңғы алты жылда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Былай қарап отырсақ, бұл сома үлкен және нәтиже болуға тиіс. Алайда ластаушы заттардың шығарындылары тек 13,5 мың тонна шаңға қысқарды, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 6,5%-ын ғана құрайды. Осыған байланысты атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарту бойынша тұжырымдамалық техникалық шешімдерді қайта қарау қажеттігі туындады", – деді министр.

Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, министрлік пен "АрселорМиттал Теміртау" 2023 жылға дейін эмиссия көлемін бес жыл ішінде 30%-ға төмендету туралы келісті. Отырыста екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

"30% көлем жайдан жай алынған жоқ. Жүргізілген нақты есептеулер. Біз екі ай бойы меморандумға қол қоюға дайындалдық және де біз оның орындалуын қатаң қадағалап, бақылайтын боламыз. 30% – бұл шекті сан емес. Осының барлығы бетінде жатқан мәселелер. Әлі де төмендеу резервтері бар", – деп түсіндірді министр.

Ол меморандум бойынша компания қалада 500 мың ағаш отырғызуға міндеттенетінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу