"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнына қатысты қатаң шаралар қабылдауға тура келеді - Тоқаев

929

Мемлекет басшысы Маңғыстау жұртшылығымен кездесу барысында "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апаттардың жиілеп кеткеніне назар аударды.  

"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнына қатысты қатаң шаралар қабылдауға тура келеді - Тоқаев Фото: akorda.kz

Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада болған жарылыстан 5 адамның қаза тапқанын еске алған Президент еңбек қауіпсіздігі маңызды мәселе екенін атап көрсетті.

"Өкінішке қарай, "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты.Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр.

Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек екенін атап көрсеткен Мемлекет басшысы еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының  сақталуына мән берілуге тиіс екенін айтты.

"Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі",-деді Мемлекет басшысы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу