"АрселорМиттал Теміртау" компаниясында кемшілік көп

888

Соңғы 10 жылда "АрселорМиттал Теміртау" металлургиялық компаниясының көмір шахталарында 23 апат тіркелді. Салдарынан 41 адам зардап шегіп, 19 адам қайтыс болды.  

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясында кемшілік көп

Осы туралы Сенатор Сергей Ершов үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Бұл 2006 және 2008 жылдардағы 2 ірі апатты есептемегендегі жағдай. Онда 71 шахтер мерт болған", – деді депутат. 

Естеріңізге салайық, 7 қараша күні Қарағанды облысындағы "Абай" шахтасында жарылыс тіркелді. Салдарынан 6 кенші қайтыс болып, 2 адам жансақтау бөліміне түсті. 

Сергей Ершов өнеркәсіптегі қауіпсіздікке мемлекет ауқымында ерекше назар аударылып, үкімет деңгейінде шара қабылданбаса, қайғылы оқиға жалғаса береді деп дабыл қақты. Ол жоғарыда аты аталған компанияда инвестициялық міндеттемені орындамау, қызметкерлерді тиісті әлеуметтік кепілдікпен қамтамасыз етпеу, жабдықтарды жаңғыртуды толық қаржыландырылмау, зиянды заттардың шығарындысын азайту міндеттемесіне атүсті қарау сияқты бірқатар өзекті мәселелер бар екеніне тоқталды. 

"Үкіметті қабылданған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауға және апат пен өлімге душар ететін жарақаттану санының өсуіне ықпал ететін жағдайды болдырмауға шақыра отырып, өздерінің жеке отырысында саланың жағдайын және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жай-күйін қарауды сұраймыз. Қауіпті өндіріс нысандарында өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты және жүйелі шаралар, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы мен өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі инвестициялық келісімді қайта қарау бастамасы көтерілсін!", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу