"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында апат болды

1264

Шахтада қалып қойған бір адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында апат болды

Кеше түнге қарай "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты шахтаның бірінде апат орын алды. ТЖМ-ның хабарлауынша, "Ленин атындағы" шахтада 840 метр тереңдікте барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде метан газы мен көмірдің ұсақ фракциялары бөлінген.

Бұл күні үш жұмысшы, атап айтқанда бұрғылау қондырғысының машинисі, машинистің көмекшісі, сондай-ақ желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің тау-кен шебері ұңғыма түбінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан кетіп үлгерсе, ал машинист ұңғыма түбінен шыға алмай қалған.

"Кәсіпорынның авариялық-құтқару қызметі келгеннен кейін дереу шахтаға түсті. Сағат 23.00-де аэрогазды бақылау аппаратурасының көрсеткіштеріне сәйкес шахтаның тау-кен қазбаларындағы газ жағдайы қалыпқа келді. Авариялық-құтқару қызметінің бөлімшесі ұңғыма түбіндегі тау-кен массасын тазалауда. Зардап шеккен бір адамды іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Іздестіру жұмыстарына шахтаның 17 қызметкері мен авариялық-құтқару қызметінің екі бөлімшесі (16 адам) жұмылдырылды",– деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Аталған апатты тексеру үшін ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу