Қазақстан Республикасының ізгі ниет елшісі, Гиннес рекордтар кітабының жеті дүркін әлемдік рекорд иегері, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми амбассадоры, қоғам қайраткері, меценат әрі актер Сергей Цырульников аудан мектептеріне арнайы сапармен келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында ол екі білім беру ұйымында болып, оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесу кезінде өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға және биік мақсаттар қоюға шақырды.
Сонымен қатар, мектептерге дене шынықтыруды дамыту мақсатында спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
Іс-шара барысында аудан прокуроры Әлия Сүлейменова жастар үшін спорттың маңыздылығына ерекше тоқталып:
"Салауатты өмір салты – ұлт болашағының негізі. Ал спорт – тәртіптің, табандылықтың және жауапкершіліктің мектебі. Сондықтан жастарды спортқа баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз", – деп атап өтті.
Аталған іс-шара аудан прокуратурасымен кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыс шеңберінде ұйымдастырылып, жастардың дұрыс өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды.