Астанада бұрынғы ескі құрылыстардың орны абаттандырылып, тұрғындарға арналған жайлы қоғамдық кеңістікке айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала тұрғындарына жақсы таныс "Астаналық" ("Артем") сауда үйі мен базар маңындағы аумақта бірнеше жыл бұрын ескі бір қабатты нысандар орналасқан. Жасыл желек аз болғандықтан, тұрғындардың демалуына қолайлы орын да болмаған.
Құрылыс нысандары бұзылғаннан кейін аумақ көгалдандырылып, ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы салынып, демалыс орындары жасалды.
Қазір бұл аумақ сауда нысандары мен көшелер арасындағы бос кеңістік емес, тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы қоғамдық орынға айналған.
Абаттандыру барысында көгалдандыруға, жаяу жүргіншілерге қолайлы бағыттар қалыптастыруға және тұрғындардың қала ішінде жайлы уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін орындар құруға басымдық беріліп отыр.
Жалпы мұндай жұмыстар елорданың барлық алты ауданында жүргізілуде. Биыл Астанада 173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланған.
Соңғы жылдары елордада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды. Бұл жұмыстар бұрын пайдаланылмаған немесе тұрғындарға қолайсыз болған аумақтарды қайта жандандырып, қаланың қоғамдық ортасын дамытуға бағытталған.