Суға батып бара жатқан 13 жастағы қызды құтқарған 2 мұғалім оқиға орнында қаза тапқан еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың бірі Абай ауылының 37 жастағы тұрғыны, ағылшын тілі мұғалімі Қанат Шайхиденов болса, екіншісі – Астанадағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінің физика пәнінің мұғалімі Бекарыс Әминов.
Бекзат Сәбитов – өзен жағасына отбасымен демалуға барған марқұм Қанат Шайхиденовтың досы. Ол оқиғаның мән-жайын былайша баяндайды.
– Ол суға түспейді, тек балық аулағанды ұнатады. Сол күні де қармақ салып, отбасымен бірге демалысқа барған. Судың терең жерінде қауіпсіздік белгісі бар. Дегенмен, басқа бір отбасының 13 жастағы қызы терең жерге байқамай түсіп кеткен. Жасөспірім қызға алдымен Бекарыс Әминов, артынша оның әкесі көмектесуге ұмтылған. Кейін Қанат Шайхиденов те көмекке кірісіп, әкесі мен қызы жағаға шығарылған. Дегенмен, судың қатты ағысы қос мұғалімге қатты қиындық тудырған. Бекарыстың жүрегі жарылып, денесі бірден судың бетіне шығыпты. Оған алғашқы көмек көрсетеміз деп жүргенде, Қанат ескерусіз қалып қойған. Ол жағадан алыстап, әрі қарай батып кетеді, – деп сөзін жалғады Бекзат Сәбитов.
Қайғылы жағдай сәтінде марқұмның балалары су жағасында ойнап жүрген. Бәрі жұбайының көз алдында болыпты.
– Үлкен баласы – 14 жаста, аутист диагнозы қойылған. Ал кейінгілері – 11, 9, 4 жаста және 4 айлық. Енді әкесіз қалған балаларға көмек керек. Төтенше жағдайлар министрлігі байланысқа шығып, "ерлікпен қаза тапты" деген сынды марапат та бермеді. Жергілікті әкімшіліктен де хабар жоқ, – деп ашынады марқұмның досы.