Арыстағы жарылыс бойынша 16 әскери қызметшінің үкімі қайта қаралды

801

Арыс қаласының әскери бөлім қоймаларындағы жарылыс бойынша Қазақстан Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімін апелляциялық тәртіппен қайта қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz Интерфакс-Қазақстанға сілтеме жасап.

Арыстағы жарылыс бойынша 16 әскери қызметшінің үкімі қайта қаралды

"Апелляциялық іс жүргізу нәтижесінде үкім өзгертілді. Онша ауыр емес қылмыс – Қылмыстық кодекстің 453-бабы ("қызметке немқұрайлы қарау") бойынша жеті адам мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды", – деп жазады Әскери сот. 

"Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша сотталған төрт әскери қызметшінің әрекеттері "ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті теріс пайдалану" деген бапқа ауыстырылды.

"Аталған төрт адамға ақша қаражаты сеніп тапсырылмаған. Олар өрт туралы ескертетін құрылғылар орнатылды деген жалған құжаттарды заңсыз ресімдеген. Іс жүзінде мұндай жұмыс толық көлемде орындалмаған. Сондықтан оларға – 10 жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және жеті жылдан алты жылға дейін мемлекеттік қызметте/квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды", – делінген хабарламада.

Ақпарға сүйенсек, "қалған адамдарға қатысты үкім күшінде қалған".

Еске сала кетсек, биылғы 26 шілдеде Шымкент гарнизонының әскери соты айыптау үкімін шығарып, Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймаларындағы жарылыстар туралы іс бойынша 16 әскери қызметшіге түрлі жаза мерзімін тағайындады.

Арыс қаласында орналасқан №44856 әскери бөлімінің қоймаларында 2019 жылғы 24 маусымда өрт салдарынан оқ-дәрілер жарылды. Облыс билігі өңірде төтенше жағдай режимін жариялап, Арыс халқын – 45 мыңға жуық адамды эвакуациялады. ТЖ салдарынан үш адам қаза тапты, 400-ден астам адам медициналық көмекке жүгінді. Бірнеше күннен кейін Арыс тұрғындары қалаға орала бастады. Үйлердің 90%-ға жуығы зақымданып, қираған болатын. Қаланы қалпына келтіруге бүкіл ел көмектесіп, сол жылдың күзінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жөнделді, кейбірі қайта салынды. Әскерилер қала мен арсеналды жарылмаған снарядтар мен оқ-дәрілердің фрагменттерінен тазартты.

Әскери бөлімнің командирі және оның орынбасары (Артиллериялық оқ-дәрілерді сақтау базасының бастығы) 2019 жылдың тамызында ұсталып, қамауға алынды. Оларға Қылмыстық кодекстің 462-бабының 3-бөлігі (жарылғыш заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу) және 453-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) бойынша айып тағылды.

Сот 2020 жылдың мамырында басталып, әскери бөлімде өтті. Қылмыстық іс 550 томнан тұрды. Іс бойынша 1 мың 473 адам жәбірленуші ретінде танылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу