Ақтөбе облысының Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір күдіктінің осыған ұқсас тағы үш алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алдымен Мәртөк ауданының тұрғыны арызбен жүгінген. Оған белгісіз ер адамның облыс орталығынан жер телімін төмен бағамен сатып әперуге уәде етіп, ақша алған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 37 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
– Тексеру барысында күдіктінің меншігінде жер телімдері болмағанына және оларды сатуға құқығы жоқ екеніне қарамастан, азаматтарға тартымды бағамен жер телімін сататынын айтып, олардың сеніміне кіргені анықталды. Ақшаны алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған, – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазір күдіктінің осыған ұқсас тағы үш алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 5 миллион теңгеден асты.
Аталған факті бойынша "Алаяқтық" бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы барын тексеріп жатыр.