Сонымен қатар ол спайкингті дербес құқық бұзушылық ретінде тану бастамасын көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айжан Аймағанова депутаттық сауалында адамды заңсыз қудалау мәселесіне тоқталды.
"Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған. Қолданыстағы заңнама бойынша сталкинг үшін көзделген ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамаққа алу. Алайда қудалау әрекеті бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, әлеуметтік желілер арқылы мазалау сияқты түрлі сипатта жалғасуы мүмкін. Әсіресе, құқық қорғау органдары араласқаннан кейін де қудалаудың тоқтамауы жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қатерді күшейтеді", – деді ол.
Депутат Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесіне, соның ішінде жүйелі қудалау фактілерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептеріне талдау жүргізуді ұсынды. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қудалау фактілеріне полицияның әрекет етуінің бірыңғай тәртібін енгізу қажеттігі айтылды.
"Келесі мәселе – спайкинг. Бұл – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе өзге де жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті. Мұндай жағдайда жәбірленуші не болып жатқанын аңғармай, өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айырылуы мүмкін. Спайкинг көбіне жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және өзге де қылмыстар жасауға жол ашады. Қазіргі уақытта мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда адамның келісімінсіз қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекетінің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмеген", – делінген депутаттық сауалда.
Айжан Аймағанованың пікірінше, мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың туындауын немесе өзге қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ. Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы тиіс, дейді ол.
Құрылтай депутаты спайкинг бойынша:
– Криминология саласының мамандарынмен бірлесіп спайкинг мәселесін жан-жақты зерттеу, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтау;
– Спайкингті жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеуді;
– Зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қоюды сұрады.