2025 жылдың сәуір айында кәсіпорында қолданыстағы түтін мұржасын тексеру және жөндеу мақсатында бірінші кезектегі 4 энергоблок тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Б.Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1" ЖШС бас директоры Асан Наурызғалиевтің айтуынша, 2025 жылдың қазан-қараша айларында құрылыс-монтаж жұмыстарына, техникалық және авторлық қадағалауға келісім-шарттар жасалып, Павлодар облысының МСҚБ басқармасынан құрылысты бастау туралы хабарлама алынды.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер ұйымдардың консорциумы жүргізуде. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жобаға 3 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстарға 45 адам тартылған.
Жаңа түтін мұржасы қолданыстағы мұржаның жанында салынып жатыр. Бұл электр энергиясын өндірудегі шығындарды азайтып, энергоблоктарды тоқтатуды жоспарлы жөндеулермен үйлестіруге мүмкіндік береді. Нысанның жобалық пайдалану мерзімі – 50 жыл.
Құрылыс аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың қазан айынан 2028 жылдың шілде айына дейін ескі түтін мұржасын бұзу жұмыстары жоспарланған.