Асхат Аймағамбетов: Мектептерді аттестаттаудың жаңа тәртібі енгізілді

1691

Қосымша білім беру мемлекеттік тапсырыспен іске асады.

Асхат Аймағамбетов: Мектептерді аттестаттаудың жаңа тәртібі енгізілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парашқасында білім заңнамасындағы жаңалықтар туралы жазды. Оның айтуышна қабылданған өзгерістердің бірнеше маңызды тұсы бар.

"Қабылданған Заңдағы маңызды нормалардың бірі – балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу. Енді мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да жекеменшік ұйымдарда орналастырылатын болады. Бұл мемлекет тарапынан үлкен шығындарды қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және басқа да дамыту орталықтарына баруына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді", - деп жазады министр.

Ведомство басшысы білім ошақтарын аттестациялаудың жаңа кезеңі күтіп тұрғанын айтады. 

"Балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтетін болады. Ұзақ уақыт бойы талқыланған норма қабылданды. Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыстарын бағалайтын құрал болады. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болып табылады. Аттестаттау бес жылда бір рет жүргізіледі. Ол арқылы білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалнама жүргізіледі, материалдық-техникалық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады", - деді ол. 

Заңдағы өзгеріс бойынша бұдан былай оқу бағдарламалары жаппай таратылмай тұрып, ілкі жоба ретінде сынақтан өтетін болады. Осы тәсілмен үлгілік оқу жсопарлары да қолданысқа енбек. 

"Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін міндетті түрде сараптамадан және апробациядан өткізілетін болады. Яғни енді оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама, кейін апробация жүргізіледі. Осылайша орын алуы мүмкін кемшіліктер анықталатын болады. Әрине, бұл норма министрлікті шектейді, алайда осы арқылы жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген және сыналған бағдарламаларды енгізудің механизмі жұмыс істейтін болады", - деді министр.

Түзетулердегі тағы бір жаңалық мектепке кіру тәртібіне қатысты. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізімін бекітілмек. Бұл норма оқу орнында білім алушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін және алдын алу шараларын күшейту үшін енгізілген көрінеді.

"Заңда қашықтан білім беруге қатысты жаңа нормалар пайда болды. Қашықтан оқыту ұғымы және қашықтан оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті бекітілді. Қашықтан білім беруге қатысты талаптар айқындалатын болады", - деп жазды ол өз парақшасында. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу